МТРА жаңалықтары

Депутаттар арасындағы әріптестік жөніндегі меморандум

Депутаттар арасындағы әріптестік. Облыстық, қалалық, және жастар мәслихаттарының өкілдері ортақ меморандумға қол қойысты.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар мінберге шығып, өз баяндамаларын оқыды. Сөз тізгінін алған Владимир Витченко осы отырыстың маңызына тоқталып өтті. Ол өз кезегінде жастар мәслихатының бүгінге дейін атқарып келген жұмыстарын тілге тиек етті. Биылғы жыл жастар жылы болғандықтан бұл игі бастаманы жүзеге асыру осында жиналғандардың міндеті екенін айтты. Оны абыроймен атқаратындарына сенімдімін деді.

Владимир Витченко, “Қазақстанның жас депутаттары қауымдастығы” РҚБ СҚО бойынша төрағасы:

 – Қазақстанның жас депутаттар ассоциациясы өздерінің жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Біз жастар мәслихатының мүшелері жүктелген міндетті абыроймен жүзеге асыратындарына сенеміз. Жастар жылында жаңа көшбасшылар шығып, өз ұсыныстарын ортаға тастап, игі бастама көтеретіндеріне күмән келтірмеймін.

Облыс орталығында жастар мәслихатына сайлау былтыр өткен болатын. Ол кезде 48 үміткердің ішінен 13-і ғана іріктеліп алынды. Биыл таңдау шарасы сәуір айының соңында аудандарда ұйымдастырылады. Облыстық жастар мәслихатының қатарына 40 азаматты қабылдау жоспарланып отыр. Әр ауданнан 3 адамнан.
Бүгінгі жиын барысында облыстық, қалалық және жастар мәслихаттарының депутаттары әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойысты.

Виталий Шеминг, “СҚО Жастар мәслихаты” ЖҚБ төрағасы:

 – Жасалған келісімнің аясында жастар мәслихатының депутаттары өзге мәслихаттардың сессиясына қатысу мүмкіндігін иеленеді. Сондай-ақ, аудандарда сайлау өткізу барысында бізге алдыңғы толқын тарапынан қолдау көрсетілетін болады.

Негізі, Солтүстік Қазақстан облысының Жастар мәслихаты 2010 жылы құрылған болатын.