Денсаулық сақтау

“Антиинсульт” қосымшасының пайдасы зор

Қазіргі күні өңіріміздің емдеу мекемелерінде солтүстікқазақстандық дәрігерлер мен IT саласының мамандары ойлап тапқан қосымша бар. Ол – “Антиинсульт” деп аталатын мобильдік жүйе. Бағдарламаны пайдалану арқылы инсульттің алғашқы белгілерін анықтап, дерттің алдын алуға болады.

Әлемде жыл сайын инфаркт пен инсульттен 17 млн адам көз жұмады екен. Олардың ішіндегі қазақстандықтардың үлесі Еуропа елдеріндегі науқастармен салыстырғанда 2 есеге көп. Әрине, бұл – өте өкінішті жағдай. Сондықтан, осы мәселені шешіп, аурудың белгілерін алдын ала анықтау мақсатында өңір дәрігерлері осыдан 2 жыл бұрын ілкімді іс бастады. Олар жергілікті IT саласының мамандарымен бірігіп ерекше қосымшаны жасап шығарды.

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Біз 2017 жылы “Профит” жеке кәсіпкерлігімен бірлесіп “Антиинсульт” атты мобильдік қосымшаны жасап шығардық. Оны 3-ші қалалық ауруханада сынап көруді бастадық. Негізі бұл жаңашылдықтың пайдасы зор. Оның көмегімен кез келген адам өзінің денсаулығын бақылай алады. Ол үшін қосымшаны жүктеп алу қажет. Кейін, соған кіріп инсультті анықтайтын тест тапсырады. Осылайша дерттін белгілерін байқауға мүмкіндік бар.

Қосымша іске қосылғалы 3 жарым мың адам сынақтан өтіпті. Нәтижесінде олардың жартысынан инсульттің қаупі байқалған екен. Жалпы, тест тапсыру көп уақыт алмайды. Тұрғындар небәрі 1-2 минуттың ішінде сұрақтарға жауап беріп, белгілі бір қорытындыға қол жеткізеді.

Денис Самохин – «PROFit» ЖК басшысының орынбасары:

– Нәтиже шыққаннан соң, қосымша бірқатар ұсыныс жасайды. Ол инсульттен айығу, қатерді төмендету жолдарын көрсетеді. Біз қазір бұл жаңашылдықты дамыту жайын ойластырып жатырмыз. Болашақта жобаны қаламыздағы барлық емдеу мекемелерінде іске қосқымыз келеді. Сонымен қатар, аудандық ауруханаларға да таратуды жоспарлап отырмыз.

“Антиинсульт” қосымшасын мобильдік құрылғыдан бөлек, компьтердегі веб-парақша арқылы да пайдалануга болады. Айта кеткен жөн, мұндай жүйенің елімізде баламасы жоқ.

Култанов Байболат