МТРА жаңалықтары

Әскери-техникалық мектептің сарбаздары ант қабылдады

Антыңа адал бол, жас жауынгер. Бүгін қаладағы Жеңіс саябағында әскери-техникалық мектепте тәлім алған 30 сарбаз ант қабылдады. Олар 40 күн бойы темірдей тәртіпті бойларына дарытумен қатар, әскери өмірдің қыр-сырын меңгерді.

Аталған білім ошағында 24-27 жас аралығындағы жігіттер оқи алады. Ең бастысы денсаулығында кінәрат болмауы керек. Оқу құны бір адамға шаққанда 264 мың теңгені құрайды. 40 күннің ішінде әскери билетке қол жеткізеді.

Игорь Четверов – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебінің Петропавл қаласындағы филиалы директорының орынбасары:

– Бүгін әскери мектепті тәмамдаған 30 адам салтанатты түрде ант қабылдады. Оладың ішінде жерлестерімізден өзге Қостанай облысының жігіттері де бар. Білім ошағын бітіріп шыққандарға “Әскери мерген” атағымен қоса сертификаттар табысталады. Бұл оқуды ойдағыдай аяқтағандар әскери салада өз жұмысын жалғастыра алады.

Айбек Нұрғалиевтің жасы 24-те. Әскери техникалық мектепті тәмамдап шыққанына қуанышты. Оның айтуынша білім ошағында түрлі ұрыс тәсілдерімен қоса қару-жарақты қолдану әдістері үйретіледі екен. БТР, танкі сынды техникаларды қалай тізгіндеу керектігі де көрсетіледі. Айбек өзі тәлім алған ұстаздарына алғысым шексіз деп отыр.

Айбек Нұрғалиев, ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебінің Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгері:

– Бізге мұнда әр түрлі жаттығуларды үйретті. Қару жарақтардың әр түрлісін қалай қолдану керектігі де түсіндірілді. Әскери өмірдің қандай екенін де үйретті. Командир мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға, елге деген патриотизмді, отанға деген сүйіспеншілікті үйретті.

Әскери өмірдің қандай екенін көріп шыққан бұл сарбаздар білімін одан әрі жоғарғы оқу орнында жалғастыра алады. Табысталған сертификаттардың көмегімен әскери салада қызмет етуге де мүмкіндіктері бар.

 

Асхат Ғалиасқаров