МТРА жаңалықтары

Шаһарда аналар кеңестерінің облыстық форумы өтті

Ана болу – бақыт. Шаһарда осындай атаумен аналар кеңестерінің облыстық форумы өтті. Шараға 13 аудан мен Петропавл қаласынан жүзден астам нәзікжанды қатысты. Жиын барысында ел дамуындағы ананың рөлі сөз болды.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген – ана. Қазақ халқында нәзікжандының орны әр уақыт ерекше болған. Бала тәрбиесінде де шешенің махаббаты шешуші рөл атқарады. Қазіргі таңда қыз-келіншектер тек сүйікті жар, қамқор ана ғана емес, түрлі саланың тізгінін ұстаған бизнесвумендерге айналуда. Себебі, әйелдер араласқан әрбір шаруа гүлденіп, жемісін береді дейді «Expo and women» халықаралық ұйымының атқарушы директоры Лязят Асқарова.

Лязят Асқарова – «EXPO&Women» халықаралық ұйымының атқарушы директоры, Астана қаласы:

– Экспо-2017 көрмесі біздің елде өтетіні белгілі болғанда, әйелдер қауымын жасыл экономикаға тарту мақсатында осындай ұйым құрдық. Сол уақыттан бері нәзікжандылардың басын біріктіріп түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткіздік. Қазір біздің қолдауымыздың арқасында өз ісін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер өте көп. Бүгінгі таңда Астана қаласының маңында Арнасай ауылы бар. Елді мекенде еліміздегі барлық жасыл технологиялар қолданып келеді. Әрбір үйде жылыжай орнатылған. Болашақта мұндай тәжірибені басқа да ауылдарда қолға алмақпыз.

Кейін жиында тектанушы Әлия Сағымбаева сөз алды. Бұл – ғылым мен психология үйлескен жаңа бағыт. Мамандық 21-ғасырда ғана пайда болған. Оның рөлін бүгінге дейін жанұяның ұйытқысы – әрбір нәзікжанды атқарып келіпті. Отанасы бауыр еті баласына қазақ халқына тән мәдениет, салт-дәстүрлер мен тектілікті санасына құйып өсірген. Жаһандану заманында, өкінішке қарай құндылықтардың кейбіреуі артқы планда қалып барады. Сондықтан, Әлия Сағымбаева жас қыздарға текті білудің маңыздылығын насихаттау үшін 15 жыл бұрын Астанада арнайы орталық ашқан.

Әлия Сағымбаева – Тектану орталығының жетекшісі, Астана қаласы:

– Бүгінгі таңда Тәжікстан еліндегі сал балалардың 60 пайызы бөлелердің отау құруынан пайда болған екен. Бұл ретте қазақ халқы қанның тазалығына әрдайым үлкен мән береді.

Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған қазақ елінде қазір балалар үйінің тәрбиеленушілерін отбасыға алу мәселесі көтерілуде. Оның аясында орталық қызметкерлері «Жетімдер үйі жабылсын, бүлдіршіндер жанұяда өссін» деген ұран тастап, республиканы аралап жүр.

Әлия Сағынбаева – Тектану орталығының жетекшісі, Астана қаласы:

– 20-ғасырда қазақ халқы депортацияланған ұлт өкілдерін бауырына басып, аман сақтап қалды. Осылайша, бөтен адамдарды үйлеріне кіргізген қазақ, неге қазір балалар үйінен балғындарды алып тәрбиелемеске?

Шынымен, қазақ халқы өзінің дархандылығы және қамқорлығымен танылған. Әрдайым қолдан келген көмекті аямай, мұқтаж жандарды бауырына басқан. Қазір бұл миссияны «Харекет» республикалық қайырымдылық қоры қолға алып отыр. Шарапаты мол шараларды ұйымдастыру арқылы қолы ашық жандар көпбалалы отбасыларға баспана сыйлауда. 2017 жылдың қыркүйегінен жұмысын бастаған ұйым бүгін 80-ші пәтердің кілтін иелеріне табыстамақ.

Астаналық Гүлмира Рахимжанова – 6 баланың анасы. 2013 жылы жесір қалған нәзікжандыға артылған жүк ауыр. Енді, міне, отбасы жалдамалы пәтерден өздерінің баспаналарына көшеді. Қазақи салт-дәстүрге сай жанұяның қуанышына ортақтасқандар «көрімдік» берді.

Гүлмира Рахимжанова – «Күміс алқа» белгісінің иегері:

–  Қуанышты сезімдемін. Пәтер аламын деген ойымда да болған жоқ. «Харекет» қорына рахмет.0-54 Бізде үй болған жоқ. Әрдайым жалдап тұратынбыз.

Бүгінде теріскейде «Харекет» қорының өңірлік филиалы жұмыс істейді. Олар бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып, екі бірдей солтүстікқазақстандық көпбалалы жанұяға құтты қоныс сыйлапты.

Эльмира Садвокасова