Денсаулық сақтау

Психиатриялық және наркологиялық көмек қолжетімді бола түсті

Психиатриялық және наркологиялық көмек қолжетімді бола түсті. Жыл басынан бері мамандар азаматтарға амбулаторлық қызметтерді арнайы диспансерде емес, емханаларда көрсетуде. Мұның бәрі тұрғындардың ыңғайлылығы үшін жасалып отыр.

Енді петропавлдықтарға амбулаторлық психиатриялық және наркологиялық көмек алу үшін Рига көшесі, 6 мекен жайындағы диспансерге сабылудың қажеті жоқ. Бұл қызмет енді қала емханаларында көрсетілетін болады. Аталған өзгеріс жыл басынан бастап күшіне енген.

Александр Букин – облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы:

– Қаңтардың үшінен бастап республика бойынша емханалардың барлығында психикалық көмек кабинеттері ашылды. Олар Петропавл емханаларында жұмыс істеуде. Мұнда психиатр-нарколог мамандар азаматтарды қабылдап, денсаулығын тексеріп, тиісті диагноын қояды. Осылайша, медициналық көмектің бұл түрі тұрғындарға қолжетімді бола түсті.

Мұның бәрі – отандық медицинаны әлемдік стандарттарға жақындату үшін жасалып отырған шаруа, себебі көптеген дамыған елдерде “диспансер” деген мекеме атымен жоқ екен. Яғни, азаматтар амбулаторлық-медициналық қызметтердің барлық түрін емханада алады. Бұл ең алдымен жұртшылық үшін ыңғайлы. Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары да науқастарға консультативтік-амбулаторлық және стационарлық ем жүргізуді жалғастыруда. Бүгінде мұнда 5 бөлімше бар, олардың біреуі балаларға арналған. Сондай-ақ, азаматтың психиатириялық немесе наркологиялық есепте тұрмағандығын дәлелдейтін анықтаманы алу үрдісі де біршама жеңілдей түскен.

Александр Букин – облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы:

– Енді мұндай анықтамаларды ХҚКО-да немесе “e-gov” порталы арқылы алуға болады. Құжатты “Телеграм” мессенджері арқылы смартфонға жүктеп алу мүмкіндігі де бар. Анықтаманы, сондай-ақ облыстық психикалық денсаулық орталығы да береді. Барлығы тегін.

Орталық жаңа жылдан бастап жаңа қосымша қызмет түрлерін де көрсетіп жатыр. Мәселен, мұнда алкоголизм мен нашақорлықты анонимді емдеу кабинеттері жұмыс істейді. Сенім телефоны да бар. Жерелестеріміз 46-42-30 нөмірі арқылы хабарласа отыра, мамандардан кеңес ала алады.

 

Саят Ермек