Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы

Қазақстан бойынша мүгедектерге арналған алғашқы автомектеп жуырда жұмысын бастайды. Бірақ, көлік жүргізуге ниетті жарым жандардың көбі медициналық тексерістен өте алмай отыр.

Сәлімхан Сәбитов – “Равная дорога” автомектебінің директоры:

– Петропавл қаласында бүгінгі күні 10776 мүгедек бар. Олардың ішіндегі 8339 қол немесе аяғының кемтарлығы бар. Бірақ, психикасы жағынан – сау. Сондықтан, олар келешекте жүргізуші куәлігін алғылары келеді.

Сондай-ақ, өңірдегі жедел жәрдем көліктерінің тең жартысы тозып біткен. Ал көтермеақылардың төмендігінен өңірде дәрігерлер тұрақтамайды.

Жақын арада Петропавлда мүгедектерге арналған автомектеп жұмысын бастайды. Жарым жандар үшін шарапаты мол бұл жобаның авторы Сәлімхан Сәбитов жуырда екі бірдей автокөлікке қолмен басқару қондырғыларын орнатып, Ресейдің Челябі қаласынан алып келді.

Жоба жемісті жүзеге асқалы тұр, бірақ шешуді талап ететін бір мәселе бар. Сәлімхан оны ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында көтерді. Елімізде жүргізуші куәлігіне оқу үшін өтілетін медициналық комиссия талаптары сау жандарға да, жарым жандарға да бірдей. Сондықтан, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтардың көбіне дәрігерлер темір тұлпар тізгіндеуге рұқсат бермейтін көрінеді. Себебі, жауапкершілік тым жоғары.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өтілетін медициналық тексеріс. Сондықтан, дәрігерлер денсаулығында ақауы бар азаматты жарым жан екен деп аяп, жалған ақпар бере алмайды. Яғни, азаматтың тиісті диагнозын қағазға жазып беруге ол міндетті. Ал мүгедек жанға көлік жүргізу куәлігін беру-бермеу шешімін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қабылдайды.

Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері жас кәсіпкерге сауалын Денсаулық сақтау министрлігіне жолдауға кеңес берді. Отырыста қаралған екінші мәселе – алғашқы медициналық көмек көрсетудегі проблемалар. Шынымен де соңғы кезде әлеуметтік желілерде жұртшылық тарапынан жедел жәрдем қызметіне қатысты шағым көп. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың сөзінше, алғашқы медициналық көмектің сапасы мен көрсетілу уақытына теріс әсер ететін бірнеше фактор бар. Мәселен, өңір бойынша жедел жәрдем көліктерінің 53 проценті ескірген.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыстық жедел жәрдем орталығындағы 28 көліктің тозығы жеткен. Бұған қарамастан олардың әрқайсысы күніне 10-12 мекен жайға барады. Азаматтардың да көбі шыдамсыздық танытып жатады. Денсаулық сақтау минситрлігінің бұйрығына сәйкес, енді науқастар 4 категорияға бөлінген. Алғашқы үш категрияға өміріне қауіп төніп тұрған жандар кіреді. Оған біз тез арада жетуіміз тиіс. Ал ыстығы 37 градусқа көтерілген немесе созылмалы аурулары бар жандар 4-ші категорияға кіреді. Оларға көмек 1 сағаттың ішінде жетеді. Жұртшылық мұны түсінбейді, сол себепті шағымдар да көп.

Қуантары, араға біршама жыл салып, өңірдегі жедел жәрдем қызметіне республикалық бюджеттен биыл 2 млрд теңгеге жуық қаржы құйылмақ. Бұл ақшаға көліктердің саны көбейтіледі, алғашқы медкөмекке қажетті қондырғылар алынады, бір сөзбен айтқанда, материалдық-техникалық база жаңартылады. Тағы бір түйіткіл – кадр жетіспеушілігі. Дәрігерлер теріскейден өзге өңірлерге кетіп қалатын көрінеді. Мамандар мұны біздің өңірде ЖОО жаңа бітірген ақхалаттыларға төленетін көтермеақының аздығымен байланыстырып отыр.

Саят Ермек