МТРА жаңалықтары

Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы – басты назарда

Өңірде бюждет қаржысының әр 2 теңгесін игеру кезінде олқылықтар орын алған. Өткен жылы мамандар 172 тексеріс жұмыстарын жүргізіп, 11 млрд теңгенің заңбұзушылықтарын анықтапты. Мемлекеттік қызметшілер көбіне заңды білмегендіктен қателіктерге бой алдыратын көрінеді.

Қай салаға қаржы көп бөлінсе, сол ведомстволарда заңбұзушлықтар жиі орын алады екен. Әсіресе, мемлекеттік сатып алулар кезінде олқылықтар көбірек жіберілетін көрінеді. Олардың басым бөлігі заңнаманы білмегендіктен туындайды. Бірақ, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.

Зәуреш Қапарова – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары:

– Өткен жылы біз 172 тексеріс жүргіздік. Соның 29-ы ғана жоспарлы түрде ұйымдастырылды. 29 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысының игерілуі тексерілді. Соның 11 млрд теңгесін жұмсауда қателіктер орын алған. Көбі – 6 млрд теңгесі мемлекеттік сатып алулар саласында. Бұл дегеніміз – қазына қаржысының әрбір 2 теңгесі олқылықпен игерілді деген сөз. Сөйтіп, 181 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ал мына бөлмеде камералдық бақылау арқылы мемлекеттік сатып алуларды тексеретін мамандар отырады. Олар ешқайда шықпай-ақ компьютердің көмегімен бақылау шараларын жүргізеді. Сөйтіп, мұндағы 5 қызметкер өткен жылы бірқатар заңбұзушылықтарды анықтап, мемлекеттік органдарға ескерту жасаған.

Зәуреш Қапарова – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары:

 – Мемлекеттік сатып алулар кезінде 32 млрд теңгенің заңбұзушылықтары анықталды. Сөйтіп, біз 1600-ден астам ескерту жасадық. Жалпы, департаментке өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан 500-ге жуық өтініш келіп түсті. Соның 300-ден астамы нақ осы камералдық бақылау арқылы тексерілді. Және 200-інде қателіктер расталған.

Жалпы, өткен жылы департамент мамандары 121 мемлекеттік органда тексеру жұмыстарын жүргізген. Соның ішіндегі 10 нысан республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелер екен. Ал биыл қызметкерлер 40 органды бақыламақ. Оның ішінде 4 аудан да бар. Олар: Мамлют, Аққайың, Тимирязев және Ғ.Мүсірепов аудандары.

Магжан Ахмадина