МТРА жаңалықтары

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 270 өтініш мақұлданған

270 солтүстікқазақстандық жаз айларында «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспанаға ие болмақ. Жобаға кімдер қатыса алады және оның шарттары қандай? Бұл жайлы кеңірек «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының кеңсесінде өткен жиында сөз болды.

Алғашқы кезде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет танытқан солтүстікқазақтандықтардың қатары қалың болмады. Ал қазір жағдай өзгерген. Жобаның тиімділігін білген жерлестерімізден 427 өтініш келіп түсіпті. Бүгіндері солардың 270-і мақұлданған. Жаз айларында бұл азаматтар пәтер кілттеріне ие болады. Жалпы, бағдарламаға жүзеге асыруға өңірдегі 7 екінші деңгейлі банк қатысады. Жоба шарттары бір болғанымен қаржы институттарының өз саясаты бар.

Бақыт Сәбиева – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директорының орынбасары:

– Бағдарламаға қатысамын дегендердің баспанасы және ипотекалық несиелері болмауы тиіс. Тұрақты табысы және бұған дейін несие алып келген жолы таза болғаны абзал. Бұл – жобаның барлығына ортақ шарттары. Сондай-ақ, әр банктің өзіндік кредиттік саясаты да бар. Сондықтан, кей қаржы институттары қарыз алған адам зейнет жасына шыққанға дейін оны төлеп бітуі тиіс дейді.

Яғни, кейбір банктер 50 жасқа таяп қалған жанға аталған бағдарлама бойынша несие бермейді екен. Тағы жиында ішкі істер органдарында істеп құрмет демалысына шыққан жандардың шағымдары қаралды. Олар да бұл жобаға қатыса алмайды екен. Өйткені, әлеуметтік төлемдер көлемі қанша болмасын, олар тұрақты табыс көзі болып есептелмейді. Жалпы, бүгіндері осы бағдарлама аясында қаладағы бірқатар аудандарда, атап айтсақ, “Жас өркен”, “Береке” және Жуков көшесі бойында көпқабатты үйлер тұрғызылуда. Жиында құрылысшылар қауымының өкілдері өздерін толғандырған мәселенің шетін айтып, өз ұсыныстарын білдірді.

Валерий Дорошенко – СҚО құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:

 – Құрылыс компанияларының барлығы қажетті мамандар, техникамен түгел қамтылған. Қазір бізді тек жер мәселесі алаңдатады. Біздер бос жатқан учаскелерге баспаналарды салмай, сүрумен айналысып кеттік. Оның машақаты көп.
Тағы бір айта кететін маңызды жайт, «Жас өркен», «Орман» және «Набережный» аудандарында инфрақұрылымдық желілер бар. Құрылыс жұмыстарын осы аумақтарда жүргізген жөн болады. Өйткені, ол қаржы үнемдеуге септеседі. Осы ретте айта кеткен жөн, бүгіндері бағдарламаға қатысушылар “Береке” ықшам ауданына баруға аса құлық танытпайды. Өйткені, онда инфрақұрылым желілері ретке келтірілмеген.

Мәселені ретке келтіру үшн облыстық құрылысшылар қауымдастығы жоба ойлап тапқан. Олар сол аумаққа жақын жерден «Жұлдыз» ауданын салуды көздеп отыр. Бүгіндері оның жобалық-сметалық құжаттары әзір. Мұнда балаларға арналған саябақтар да, жолдар да болады. Сөйтіп, қазір жазық жер боп жатқан аумақ осылайша үлкен бір құрылыс алаңына айналмақ. Ал ең бастысы “Береке” ауданының да бірқатар проблемалары шешімін таппақ.

 

Магжан Ахмадина