МТРА жаңалықтары

Сенат депутаттары ауыл жұртшылығымен жүздесуде

“Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында биыл Солтүстік Қазақстан облысына ел қазынасынан 2,1 млрд теңге бөлініп, болашағы бар 175 ауыл қаржылай қолдау көрмек. Сондай елді мекендердің бірі – Аққайың ауданына қарасты Рублевка селосы. Мұнда бүгін Парламент Сенатының депутаттары келіп, жұртшылықпен жүздесті. Жоғарғы Палата өкілдері халыққа “Нұр Отан” партиясының 18-ші съезінде қабылданған маңызды шешімдерді түсіндірді.

“Бақуатты қоғам: 10 жылдықтың 10 мақсаты”. Алдағы 10 жылдағы ел дамуына осы бағдарлама негіз болмақ. Осылайша, халықтың табысы артып, қоғамның әлжуаз топтарына тиісті көмек көрсетіліп, тұрмыстары жақсаруы тиіс.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Ең алдымен көп балалы отбасылар, еліміздің инфрақұрылымы, сонымен қатар, бюджеттік салада жұмыс істейтін ауыл, аудан, облыс қызметкерлерінің жалақысын көтеру жағдайлары көтерілді. Осы шешімдердің барлығы қабылданды. Соны біз Сенат төрағасының шешімімен 1-ші наурыздан бастап елді мекендерді аралап, халықпен кездесіп, съезд шешімдерін жеткізіп жатырмыз.

Рублевкадағы кездесуге Аққайың ауданының тұрғындары түкпір-түкпірінен жиналды. Депутаттар ауылдағы ағайынға аймақтардағы атқарушы орган қызметкерлері айлығының 25 процентке өсетіндігін жеткізді. Мүгедек бала асырап отырғандарға төленетін жәрдемақының 30 процентке артатынын да айтты. Көпбалалы жанұяларға берілетін қаржылай көмектің өсіп, енді әрбір балаға 21 мың теңге төленетіні де жұртшылық құлағына құйылды. Әлеуметтік салада орын алатын бұл оң өзгерістер ауыл тұрғындарын қуантпай қоймады. Бұған өз ризашылығын білдіргендердің бірі – 6 баланың анасы Шынаркүл Батырханова.

Шынаркүл Батырханова – көпбалалы ана, Аралағаш ауылы, Аққайың ауданы:

– Менің 6 балам бар. Үлкені 25-те, ал кішісі 3-те. Біз Аралағаш ауылына өткен жылдың тамызында Шымкенттен көшіп келдік. Күміс алқа үшін 16 мың теңге аламын. Елбасының әр бала басына 21 мың теңгеден береді дегенін естіп, қуанып жатырмыз.

Мәселен, Рублевка ауылына былтыр өңірдің ең табысты аграриі Геннадий Зенченко инвестиция құйып, мұнда мың басқа шақталған су жаңа сүт-ауарлық ферма ашқан. Осылайша, 40 ауыл тұрғынын еңбекпен қамтып, ауылдық мәдениет үйін жөндеп те берген. Халық қалаулыларының сөзінше, міне, осындай болашағы бар ауылдарға биылдан бастап қаржы көптеп құйылатын болады.

Ольга Перепечина – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында “Ұлттық экономика министрлігі ел бойынша 1500 перспективалы ауылды анықтады. Біздің теріскей өңірі бойынша бұл тізімге 175 елді мекен кірді. Оларды дамытуға Солтүстік Қазақстан облысына биылғы жылы ел қазынасынан 2,1 млрд теңге бөлінді.

Депутаттар бұл қомақты қаражат ауылдағы ағайынды толғандыратын мәселелерді шешуге жұмсалатынын айтуда.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Ең алдымен ауылға жақсы мектеп пен мәдениет орталығы керек. Осы сұрақтар айтылып жатыр. Ауылдың жолдары, суы, әлеуметтік жағдайлары шешілетін болады. Соның ішінде, 30-50 млн теңге мектептерді, дәрігерлік орталықтарды жөндеуге жұмсалатын болады.

Сенат дупатуттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина өңірде наурыздың 7-сіне дейін болады деп жоспарлануда. Мәселен, ертең олар Мамлют және Жамбыл аудандарының жұртшылығымен жүздесіп, бас партияның 18-ші съезінде қабылданған маңызды шешімдерді жіті түсіндірмек.

 

Саят Ермек