Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Бүгінгі күні солтүстікқазақстандық көпбалалы 341 отбасы пәтер кезегінде тұр. Биыл олардың 226-сы баспана кілттеріне ие болмақ. Бұл жайлы облыстық әкімдіктің кезекті отырысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов айтты. Тағы, жиында көктемгі-дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды.

Облыстық әкімдіктің отырысында 2 мәселе қаралды. Оның алғашқысы “Нұр Отан” партиясының XVIII сьезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған жаңа бағдарламаға қатысты болды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған тың жоба аясында облыс аумағында ауқымды жұмыс атқарылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елбасы тапсырмасына сай өңірімізде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың саны артты. Мысалы, бұрындары мемлекеттік қолдау өлкеміздегі табысы төмен 2115 жанұяға көрсетілетін. Енді, олардың қатары 3225-ке жетті. Оған қоса, мұндай әулеттерге берілетін жәрдемақы көлемі 20 789 теңгеге дейін өсті. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 1,7 млрд теңге бөлінеді.

Көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Енді, Президент тапсырмасына сәйкес өлкеміздегі 6700 ұл-қызға 21 мың теңгеге жуық ай сайынғы төлем жасалатын болды. Мүгедек балалары бар отбасыларға да көңіл бөлінбек. Мысалы, теріскейде кембағал жандарды тәрбиелеп отырған 2 мыңға жуық әулет бар екен. Оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау 30 пайызға ұлғайып, 41 578 теңгеге жетпек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Съезде Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларға арналып 40 мың арендалық пәтер салынатындығын айтты. Бұл мақсатта біздің өңірде де бірталай жұмыс тындыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда аталған санатқа жататын теріскейлік 341 жанұя баспана кезінде тұр. Биыл осы жандарға арнап 3 нысан тұрғызамыз. Осылайша 226 адамға үй кілттерін табыстауды жоспарлап отырмыз.

Бұл ретте аймақ басшысы аудан әкімдеріне тапсырма жүктеді. Құмар Ақсақалов атқамінерлерге тиісті бақылау жүргізіп, пәтерге мұқтаж көпбалалы отбасыларды анықтауды жүктеді. Жиында жалақы мәселесі де қаузалды. Өңір жетекшісінің сөзінше биыл облыстағы 20 мыңға жуық бюджеттік сала қызметкерінің еңбекақысы 30 пайызға өспек. Тағы, атқарушы органдарда еңбек ететін 2 мыңнан аса төменгі сатыдағы жұмысшылардың табысы 25 процентке ұлғаймақ. Мәселен, қазір аудандық әкімдіктегі бас маман 77 мың тең айлық алады. Ал, 1-ші шілден бастап бұл көрсеткіш 100 мыңға жетпек. Денсаулық сақтау және білім беру салаларында да бірқатар өзгерістер орын алады деп жоспарланып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Біз биыл облыс орталығында 3 бірдей отбасылық үлгідегі амбулатория ашамыз. Олар Береке және Ойқала аудандарында орналасатын болады. Осылайша медициналық қызметті тұрғындарға қолжетімді еткіміз келеді. Тағы, өңірдің 3 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт жұмысын бастайды. Бұл ретте, облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу мекемелері қандай елді мекендерге қажет екендігін анықтауы тиіс.

Денсаулық сақтау саласында қызмет ететін жандардың да жалақысы артады. Мысалы, алдағы уақытты аймақтағы санитарлардың табысы – 64, ал медбикелердікі 100 мыңды құрайтын болады. Білім беру ісіндегі өзгерістерге де тоқталайық. Съездің қорытындысы бойынша теріскейдегі 14 мың психолог, әдіскер мен тәрбиешінің айлығы 30% артады. Елді мекендер де ескерусіз қалмайды. Келешекте ауылдарға қосымша 2,1 млрд теңге бөлінгелі отыр. Ол ақшаға әлеуметтік маңызы бар нысандар, жолдар мен су құбырлары жөнделеді. Құмар Ақсақалов осы және басқа іске бағытталатын қаржының игерілуін “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының өкілдеріне қатаң бақылауды жүктеді. Кейін, кезек 2-ші мәселеге келді. Жиында өткен жылғы егістік науқаны қорытындыланып, биылғы тұқым себуге қатысты дайындық барысы пысықталды.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 82,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға артық.

Қазіргі күні көктемгі-дала жұмыстарына дайындық қызу жүргізіліп жатқан көрінеді. Жыл басынан бері шаруалар жалпы құны 2,1 млрд теңгеге 183 бірлік техника алыпты. Бұл бағыттағы іс әрі қарай да жалғаспақ. Оған қоса, агроқұрылымдар дизельдік отын және минералды тыңайтқыштармен де қамтылып жатыр. Осы ретте Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне өткен жылы танап басында дәрі-дәрмекті пайдаланбаған аграрийлерге қатысты сын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өсімдіктерді қорғау бойынша өңірдегі бірқатар шаруашылықтар тиісті жұмыс жүргізген жоқ. Айтар болсам, М.Жұмабаев ауданында – 61, Қызылжарда – 67, Тайыншада – 73, Жамбылда 55 агроқұрылым минералды тыңайтқыштарды қолданбаған. Сондықтан, әкімдер осы істі міндетті түрде қадағалаңыздар. Тағы, былтыр 285 мың гектар жердің пайдаланылмайтындығы анықталды. Аудан басшылары осы учаскелерді қайтарып алулары қажет. Мен сіздердің жұмыстарыңызды осы бойынша да бағалайтын боламын.

Жиын соңында Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне жақында аудандарға барып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен жіті танысатындығын айтты.

Саят Ермек