Қоғам

Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

Елімізде наурыздың 1-нен көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Маусым айының соңына дейін 600-ден астам теріскейлік жігіт өздерінің Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Бүгін олардың алғашқы легі медициналық тексерістен өтті.

“Сап түзе! Тік тұр!” деген әскери бұйрықты бозбалалар енді жиі еститін болады. Себебі, олар Отан алдындағы қызметін атқаруға аттанбақ. Абдухамит Тулегенов әскерге шақырту алған жастардың бірі. Қатарластары сияқты ол да қазір медициналық тексеруден өтуде. Биыл 21 жастағы бозбала Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін тәмамдаған екен. Енді осы көктемде өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанбақшы.

Абдухамит Тулегенов – әскерге шақырылушы:

– Алғашқы әскери дайындықты жақсы өттім. Менің мақсатым – шекара қызметіне түсу. Барлық комиссияны өтіп, әскерге жарамды деп танылдым.

Тепсе темір үзетін азаматтардың денсаулығын 9 дәрігер, яғни терапевт, лор, көз дәрігері, невропатолог және психолог сынды мамандар жіті бақылайды. Ақхалаттылар жігіттерді әскерге жарамсыз деп таныса, диагноздарын анықтап, қайта емдеуге жібереді. Шақыру және медициналық комиссияның шешімі бойынша бозбалалар 3 категория бойынша іріктеуден өтеді. А – жарамды, Б – шектеулігі елеусіз және Д категориясы бойынша жарамсыз деп танылады. Жалпы, көктемгі әскерге шақыру науқанында 600-ден астам теріскейлік жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ.

Алмаз Тілеуханов – облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

 – Мерзімді әскери қызметке шықырылатын азаматтар 18 бен 27 жас аралығындағы біздің жерлестеріміз. Медициналық тексерістер басталды. Наурыздың 1-нен бастап облыс пен аудандарда медициналық тексерулер жүргізіліп жатыр. Осы айдың 11-нен бастап бірінші жастақталатын әскери бөлімдер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі.

Жауынгерлік парызын өтеуден тек отбасылы болып, 1 баланың әкесі атанғандар мен жасы 27-ден асқандар ғана босатылады. Бұдан бөлек, ЖОО-да әскери кафедра оқуын бітіргендер мен ақылы әскери мектепті тәмамдағандар сарбаздық борышын өтеген болып есептеледі. Ал қызметін атқарудан жалтарғандарға арнайы жазалау шаралары қарастырылған.

Алмаз Тілеуханов – облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

 – Нақтырақ айтсақ, айыппұл салынады. Ең төменгі көрсеткіші, 1 АЕК, ең жоғары көрсеткіші – 5 АЕК. Бұл Әкімшілік Кодексі бойынша. Ал Қылмыстық Кодекс бойынша 1 жылға дейін шектеу немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқаны маусымның 30-на дейін жалғаспақ.

 

Молдир Шаяхмет