Қоғам

ЕС-164/6 мекемесінде ашық есік күні өтті

Темір тордың ар жағындағы өмір. Бүгін ЕС-164/6 мекемесінде ашық есік күні өтті. Шарада жазасын өтеуші нәзікжандылар туғандарымен қауышу мүмкіндігіне ие болды. Екі сағатқа созылған кездесу халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылыпты.

Бұл ЕС-164/6 мекемесі. Әйелдерге арналған колония. Қазір мұнда 197 қыз-келіншек жазасын өтеуде. Олардың бірі темір торға 6 айға, енді бірі бақандай 25 жылға тоғытылған. Заңның ала жібін аттап, қандай қылмысқа бармасын оларды да үйлерінде күтетін жандар бар.

Тана Қазжанова – ЕС-164/6 мекемесінің жасақ бастығы:

– Халықаралық әйелдер күніне орай осындай кездесу өткізудеміз. Мекеме басшылығы олардың барлығының жазасын өтеп, бостандыққа шығуына тілектес.

Татьяна Ивашевская 28 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз. Нәзікжанды білім ошағында орыс тілі пәнінен сабақ берген екен. Тағдырдың жазғаны сол – білікті маман, қамқор ана 5 ай бұрын темір торға тоғытылған. Ол абайсызда адам өлтіріпті. Сот шешімі бойынша келіншек 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ивашевская Татьяна – жазасын өтеуші:

– Бұндай кездесулер бойыңда үміт отын жағады. Сені үйіңде отбасың сағынып, күтіп отырғанын сезесің. Жазамды өтеп, бостандыққа шығып, жанұяма ораламын деген сенім пайда болады.

Татьяна Ивашевскаяға бүгін қонаққа қызы Мария мен жиен немересі келіпті. Нәзікжанды жанұясымен 3-ші мәрте кездесуде. Шер тарқатып, сағынышты басуға 2 сағат уақыт берілген.

Мария Бондаренко:

– Анаммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Жаңа ғана мекеменің ішінде болып қайттық. Қандай жағдай жасалған екен деп уайымдайтынмын. Барлығы таза, өте жайлы екен. Бұл – жазасын өтеуші жандардың туыстары үшін өте маңызды. Ашық есік күнін ұйымдастырып, кездесу мүмкіндігін бергендері үшін басшылыққа алғысымды білдіремін.

Жастық, картина, алжапқыш пен қолғап. Бұл – жазасын өтеушілердің жасаған жұмыстары. Олар күн сайын сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін екі қолға бір күрекпен қамтылған. Атқарған шаруалары үшін сотталғандар айына кем дегенде 26 мың теңге жалақы алады екен. Тындыратын істің көлеміне байланысты аспазшы мен тігіншілердің айлығы 60 мыңға дейін жетуі мүмкін. Ал, бос уақыттарында нәзікжандылар өздерінің хоббилерімен айналыса алады.

Эльмира Садвокасова