Спорт

Қазақ күресінен Қожаберген жырау атындағы республикалық турнир өтті

Демалыс күндері Петропавлда қазақ күресінен республикалық турнир жалауын желбіретті. Батыр, қолбасшы Қожаберген жыраудың есімі берілген дода осымен екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Жарысқа 7 облыстан келген 200-ге жуық жас палуан қатысты. Олар 11 салмақ дәрежесі бойынша 2 күн бойы мықтыны анықтады.

Петропавл осымен екінші рет күллі Қазақстаннан жиналған жас / боз кілем шеберлерінің басын қосып отыр. Жерлес дауылпаз бабамыз Қожаберген жырау атындағы турнирге биыл 7 облыстан 200-ге жуық спортшы келген. Барлығы – 15 команда.

Мейрам Хамзин, күрестен облыстық МБЖСМ жетекшісі:

-Ақмола облысынан 4 команда келіп отыр, Қарағанды, Шымкент қалалары және Маңғыстау мен Қостанай облыстарынан, солтүстік өңірдің спортшылары қатысуда. Бұл жарыс 2004-2006 жылғы жастар арасында өтіп жатыр.

Палуандар 11 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Қазір боз кілемде солтүстікқазақстандық палуан мен 13 жасар екібастұздық жеткіншек Нұрсұлтан Слямхали белдесіп жатыр. 32 келі салмақ дәрежесінде. Қос жеткіншек финалға жолдаманы сарапқа салуда. Нәтижесінде, қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, Нұрсұлтан жігіт жеңіске жетті.

Нұрсұлтан Слямхали, жарысқа қатысушы, Екібастұз қаласы:

– 1 кездесуде жақсы қарсылас түсті. Ол жақсы күресті, бірақ мен оны ұта алдым. Екінші рет дзюдоистпен белдестім. Оның күші көп болды, сондықтан күресу қиын болды. бірақ оны қателігінде ұстап алдым. Жаңа ғана үшінші жеңісіме жетіп, қатты қиналмай финалға өттім. Мен өз көрсеткішіме ризамын, бірақ финалда ұтып 1-ші орын алғым келеді.

Екібастұздан келген 13 жасар палуанның ақтық бәсекеде де жолы болып, турнирдің алтын жүлдесін қанжығасына байлады. Негізі, жарыс екі күнге созылды. Сенбі күні – 6, ал жексенбіде тағы 5 салмақ дәрежесі бойынша жеңмпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Саят Ермек