МТРА жаңалықтары

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жеңілдетіледі

Үстіміздегі жылдың 1-шілдесінен  арнаулы әлеуметтік көмек тө­мен­гі күнкөріс деңгейінен 50 проценттен 70-ке дейін көтерілмек. Яғни, бұл мақсатта бұрын беріліп келген қаржылай қолдау сомасы 14 мың 849 теңге болса, биылдан бастап 20 мың 789 теңгені құрайды.

Осыған орай арнаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу жеңілдетілмек. Яғни, сұратылатын құжаттар саны біршама азаяды. Енді мұқтаж жандар аталған қолдауға ие болу үшін жеке куәлік пен жалпы табыс туралы анықтаманы ұсынса жеткілікті. Осы ретте наурыз айынан бастап ел бойынша “Е-Ха­лық” ақпараттық жүйесі іске қосылады. Бұдан бөлек, ауылда тұратын көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға тек қаржылай көмек қана көрсетіліп қоймай, оларды жұмыспен қамту жайы да қарастырылған. Яғни, олар қалауы бойынша 2-3 айлық арнайы курстардан өтіп, өз ісін ашуларына мүмкіндіктері бар.

Сергей Яковенко – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– “Еңбек” бағдарламасы бойынша бизнес-жоспарын ұсынған әр адамға 505 мың теңгеге дейін грант беріледі. Үстіміздегі жылы біздің өңірге бұл мақсатқа деп республикалық бюджеттен – 300 млн теңге, ал шағын несиелеуге 2,8 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаға қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкіміне жүгінуге болады.

Молдир Шаяхмет