МТРА жаңалықтары

Шаһарда этностар форумы өтті

Бір халық – бір ел- бір тағдыр. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясында этностар форумы өтті. Шараға 10-ға жуық мәдени орталық өкілдері қатысып, өздерінің ән мен билерінен шашу шашты.

20-ғасыр ондаған ұлт өкілінің жер бетінен жойылу қаупі болған заман. Тоталитарлық жүйеде «сенімсіз» деп танылғандар күштеп Сібір, Орал мен Қазақстанға депортацияланды. Көшірілгендердің басым бөлігі қазақтың ай даласында қалдырылды. Отанынан ешбір дүние-мүліксіз қуылып, ішерге ас, киерге киім таппағандардың бойында өмір сүруге деген үмітті жергілікті жұртшылықтың дархандылығы оятты. Қазақтардың арқасында аман қалған халық қазір ортақ Отанымыздың гүлденуіне үлес қосуда. Бүгін мұндай жандардың бірқатары арнайы марапатқа ие болды.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары депортацияланған халыққа емін-еркін қоныс аудару мүмкіндігі берілді. Сол уақытта бірде-бір күрд ұлтының өкілі қазақ жерін тастап кетпеген көрінеді. Себебі, қиын-қыстау кезде екінші өмір сыйлаған дархан дала мен оның жұртшылығын ұмыту да, қалдыру да мүмкін емес дейді Рашид Надиров. Бүгінде еліміз 35 мың күрд үшін нағыз ыстық Отанға айналды.

Рашид Надиров – “Барбанг” күрдтердің қауымдастығы” ҚБ облыстық филиалының төрағасы:

– Алғыс айту күні – біз үшін өте маңызды мереке. Қиын-қыстау кезде бірнеше ұлт өкіліне қазақ халқы көмек қолын сөзді. Бір жапырақ нанымен бөлісті. Сондықтан, біз Алғыс айту күнінде қазақ жеріне және халқына рахметімізді айтамыз.

Қазақстанда 131 ұлт өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Олардың барлығы өз тілін, мәдениеті мен тарихын зерттеуге толық құқылы. Бұл ретте Қазақстан Халқы Ассамблеясында этно-мәдени орталықтар жұмыс істеуде. Солардың бірімен Диана Попова өткен жылы Польша еліне оқуға барып келгеннен кейін танысыпты.

Диана Попова – «Коперник» СҚО поляк мәдени орталығы» ҚБ мүшесі:

– Менің арғы атам – поляк. Сондықтан, академиялық ұтқырлық бойынша Польша елінің Лодзь қаласына баруға болатынын естігенде қуана-қуана келістім. Сол жердің халқымен танысып, араласқаннан кейін, тілі мен мәдениетін жіті меңгеруге ниет білдірдім. Орталыққа келіп жүргеніме 1 жылдай уақыт болды. Қазір аз-маз поляк тілінде сөйлей аламын.

Этностар форумы Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясында осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылуда. Ал, биыл шараға тағы «Қымыздан қуат алған біртұтас ел» атты акция да қосылыпты. Мұнда кезінде – аштық заманында құрт, бауырсақ пен қымыз ішіп аман қалған жұрттың ұрпақтарына қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды.

Эльмира Садвокасова