МТРА жаңалықтары

СҚО-да биыл жастар құрылыс жасақтары құрылады

Биыл өңірде жастар құрылыс жасақтары жұмысын бастайды. Бұл отрядтардың қатарына екі қолға бір күрек іздеп жүрген ұл-қыздар мен студенттер қабылданады. Жастар облыс аумағындағы түрлі нысандардың құрылысына қатысатын болады. Ал атқарған еңбектер үшін оларға ай сайын жалақы төленбек.

Бүгіннен бастап СҚО-ның құрылысшылар қауымдастығы мен өңірлік жастар саясаты басқармасы ресми түрде әріптес. Биылдан бастап теріскейде жастардың құрылыс жасақтары жұмыс істейтін болады. Олар көпқабатты және жер үйлердің, әлеуметтік нысандардың құрылысы барысында мердігерлерге қолғабыс етеді. Мұндай отрядтар облыстың барлық аудандарында ашылмақ.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты басқармасының басшысы:

– Бұл жасақтар студенттерді маусымдық жұмыспен қамтуға және жұмыссыз жастардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіптік немесе жоғары білімі жоқ жастар да енді босқа сандалып жүрмей, құрылыс алаңдарында еңбек етіп, ақша таба алады.

Құрылыс жасақтарының жұмыс істеу принципі “Жасыл елдікімен” ұқсас. Отрядтардың қатарына кез келген студент, дипломы бар, бірақ жұмыссыз жүргендер де, білімі жоқ жастар да қабылданады. Ай сайынғы жалақы шамамен 63 мың теңгені құрамақ.

Саят Ермек – тілші:

– Соңғы 3 жылда СҚО-дағы құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есеге артқан. 2019 жылы тағы 4 процентке өседі. Сондықтан, аталған отрядтар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайтып қана қоймайды. Олар құрылыс алаңдарында қосымша жұмыс күшіне айналмақ.

Владислав Лукин – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– 2019 жылы біз 235 мыңға жуық шаршы метр баспана тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, шамамен 2200 пәтер қолданысқа беріледі. Бүгінде өңір бойынша 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл қазақ театры мен жаңа облыстық аурухана, жатақхана және университет корпусы салынбақ. Осының бәріне жұмысшылар қажет.

Жасақтардың қатарына құрылыс мамандығына оқып жатқан студенттер қуана-қуана қабылданады. Мұны өңірлік құрылысшылар қауымдастығының төрағасы, “Основание” компаниясының директоры Сергей Тимофеев атап өтті. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да бұл мамандық бойынша 100-ден астам студент білім алады екен. Оның сөзінше, болашақ құрылысшылар үшін бұл табыс көзі ғана емес.

Сергей Тимофеев – СҚО құрылысшылар қауымдастығының төрағасы, “Основание” ЖШС директоры:

– Теориялық білімнің орны бөлек, бірақ тәжірибесіз оның пайдасы жоқ. Студенттер құрылыс алаңында жүріп, кәсіптерінің қыр-сырын меңгеретін болады. Сол себепті, жастарды жасақтардың қатарында жұмыс істеуге шақырамын.

Құрылыс жасақтарының қатарына өту үшін петропавлдық бозбалалар мен бойжеткендерге жастар ресурстық орталығына бару керек. Ал елді мекендердегілер жергілікті орталықтарға жүгіне алады.

Саят Ермек