Қоғам

Петропавлда ресейлік омарташылардың бал жәрмеңкесі өтуде

Тәтті әрі шипалы. Петропавлда ресейлік омарташылардың кезекті бал жәрмеңкесі өтуде. Бұл жолы меймандар жерлестерімізге хош иісті әселдің 20-дан астам түрін ұсынып отыр.

“Девясил”, “Васильковый”, “Патшалық мақпал” және “Боярышник”. Жәрмеңкеде хош иісті балдың 20-дан астам түрі қойылған. Табиғи таза өнімнің қаймағын таңдап беруге қала тұрғындарына мамандар көмектеседі.

Оксана Кравченко – сатушы-консультант:

– Табиғи балды қоспа қосылған өнімнен айыру қиын емес. Ол үшін бір таяқша алып, әселді араластырып көріңіз. Егер араласпай, айналмай тұрса, демек оның нағыз бал болмағаны. Онымен қоса, өнімді саусаққа жағып көріңіз. Біраз уақыттан кейін саусағыңыз бір-біріне жабыса бастаса балға қант қосылған деген сөз. Нағыз балдың бір тамшысы да жайылып кетпеуі керек. Сондай-ақ, таза өнім көпке дейін бүлінбейді. Яғни, оны бірнеше жыл қатарынан сақтауға болады.

Ресейлік омарташылар Петропавлға жиі келіп тұрады. Бұл жолы олар солтүстікқазақстандықтарға 1,5 тонна бал әкеліпті. Бағалары әр қилы. Ең қымбаты – балтозаң өнімі. Оның 1 келісі – 6 мың теңге. Ол жүрек ауруларынан сауықтыру қасиетімен ерекшеленеді. Балтозаң сияқты өнімдер дәмі тіл үйіріп қана қоймай түрлі аурулардан айығуға сеп болады.

– Ақ акация – қант диабеті кезінде таптырмас өнім. Себебі, ол қандағы қант мөлшерін көтермейді және аллергия да тудырмайды. Сондай-ақ, тәтті өнімді көз тамшысы ретінде де қолдануға болады. Ол үшін бал мен суды араластырған жөн.

Яғни, көз шаршаған кезде 1 тамшыдан тамызып отыруға болады екен, әрине тек дәрігерлердің кеңесіне сүйеніп. Бұл табиғи өнімнің құны 4 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, жәрмеңкеде Кандык әселі де саудалануда. Хош иісті бал алынатын өсімдік 5 жылда бір рет гүлдейді екен. Сондықтан, ол дүкен сөрелерінде өте сирек кездеседі.

Оксана Кравченко – сатушы-консультант:

– Кандык балы Башқұртстанның таулы жерінде өсетін гүл тозаңынан жасалады. Ол – гипертониялық ауруға шипа және түрлі дерттен кейін адамның тез қалыпқа келуіне де жәрдемдеседі. Денеден токсиндерді шығарады. Жалпы, өнімдердің барлығы Ресейдің Алтай және Краснодар өңірлері мен Башқұртстаннан жиналады.

Айта кеткен жөн, меймандар қаламызға келесі аптада әйгілі Азов халвасын да әкелмек. Бұл өнім 80-жылдардағы әдіс бойынша әзірленеді екен. Галина Дускен жәрмеңкеге сүйікті халвасын алуға әдейілеп келіпті. Алайда, тәттінің жоқтығын біліп, нәзікжандының көңіл-күйі аздап түсіп қалды. Енді жерлесіміз 1 аптадан соң қайта келемін дейді.

Галина Дускен – қала тұрғыны:

– Азов халвасының дәмі Кеңес Одағы кезінде жасалған өнімдерге ұқсайды. Жолдасым мен балаларым ұнатады. Біздің қаламызда мұндай тәттіні табу қиынға соғады. Сондықтан, реті келгенде осы жерден алып тұруға тырысамыз. Ал балды өткен жәрмеңкеде ғана сатып алған едік. Әлі де жетерлік.

Ресейлік омарташылар ұйымдастырған жәрмеңке наурыздың 10-ына дейін жалғаспақ. Жергілікті тұрғындар табиғи таза өнімді Кеншінбаев көшесі, 22 мекен жайы бойынша орналасқан “Жастар сарайынан” таңғы сағат 10 мен кешкі 19:00-ге дейін сатып ала алады.

Молдир Шаяхмет