Мәдениет

Петропавлда аймақтық мүшайра өтті

Ел еркесі Ерік. Бүгін осындай атаумен Қызылжар төрінде жерлес ақын, драматург, аудармашы Ерік Асқаровтың 60 жылдық мерейтойына арналған аймақаралық мүшайра өтті. Жыр додасына 5 облыстан ойы ұшқыр, қаламы қарымды 12 жас өнерпаз қатысты.

Қазір Ерік Асқаровтың 60 жылдық мерейтойына арналған аймақаралық мүшайраның 2-ші кезең өтеді. Алғашқы турда қазылар алқасы 35-ке жуық жас ақынның 50-ден аса өлеңін қарапты. Олардың ішінен үздіктерін таңдап, өздерін Қызылжарға өнер көрсетуге шақырған екен.

Көгершін Бердағұлова – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жаөспірімдер кітапханасының директоры:

– Бірінші виртуалдық түрде ұйымдастырылды. Онда қазылар алқасы 12 ақынды іріктеп алды. Бүгін сол жастар 3 өлеңдерін оқып береді. Ол туындылардың ішінде Ерік Асқаровқа арналған туынды да бар.

Оған қоса ақындар Рухани жаңғыру бағдарламасына қатысты және еркін тақырыптағы өлеңдерін оқуы тиісті. Бұл талапты алғашқылардың бірі болып қостанайлық Жауынбай Жылқыбайұлы орындады.

17 жастағы бозбала  Ерік Асқаровқа арнаған туындысында біраз жайттарға тоқталыпты. Марқұмның от ауыз, орақ тілді ақын болғанын, туған жерін сүйгенін, шығармаларының маңыздылығын қара өлеңге сыйғызыпты. Дарынды жас мұндай еңбекті жазу үшін көп ізденгендігін айтады.

Жауынбай Жылқыбайұлы – мүшайраға қатысушы, Қостанай облысы:

– Ерік Асқаровқа арнау жазу үшін өмірімен танысып алдым. Айтыстарын көрдім, жұбайының берген сұхбаттарын көрдім. Жалпы, өзімнің өлеңдерім газет беттеріне шығып тұрады. “Балғын жыр” деген кітабым да бар.

Аймақаралық мүшайраға Қостанаймен қатар Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының жастары келіп отыр. Шарада олар да ортаға шығып, қазылар алқасының бағасына ие болды. Бұдан бөлек, жыр додасы барысында жиналғандар мен ақындар Ерік Асқаровқа арналған көрмені де тамашалай алды. Онда көрермен назарына біртуар перзенттің жары ұсынған 80-нен аса жәдігер ұсынылды. Бұл дүниелердің арасында өлеңдер, жеке заттар, шығармалармен қатар қызықты деректер де бар.

Гүлжаухар Сәдуақасова – Облыстық музей бірлестігінің бөлім меңгерушісі:

– Ерік ағамыз небәрі 44 жыл өмір сүрсе де артынан өшпес жырларын қалдырып отыр. Ол кісінің қалам тербеген тақырыптары өте көп. Ол кісі ақындықтан бөлек, шағын әңгімелер де жазған, грузин, якут халықтарының пьессаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Қазіргі күні ол спектакльдар театрларда орындалып жүр. Одан бөлек, бірнеше фильм түсірген. Осындай іс-шаралар көбірек өткізіліп, жастарымыз соған қызығушылықпен қатысса деген тілегіміз бар.

Айта кетейік, мүшайраның жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Шара соңында қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Култанов Байболат