Ауа райы

Наурыз айында ауа райы қалай болады?

Көптен күткен көктемнің алғашқы айы да келіп жетті. Наурызда ауа райы қандай болмақ? Ақ түтек боран соғады ма, әлде күн жылып, жердің тоңы жібиді ме?

Көктем айы – күн жылып, қар еріп, құстардың ән салатын мезгілі. Әсіресе, қыстың аязы мен суығынан әбден шаршаған шаһар тұрғындары енді таза ауада серуендеуге жиі шығып тұратын болады. Қызылжарға көктем кеш келеді. Десе де жерлестеріміз наурыз айының жылы боларына сенеді. Әйтсе де мереке күндерін солтүстікқазақстандықтар жақсы көңіл-күймен қарсы алғылары келеді.

– Көктемде жылы болса екен деймін. Біздің қаламызға көктем ертерек келіп, қар ерігенін қалаймын.

 – Көктем келісімен-ақ көңіл-күйіміз жақсарып қалады.

Десе де суық күндер артта қалды деп арқаны кеңге жаюға болмайды. Синоптик мамандардың болжамына сенсек, алдағы күндері қар жауып, қатты жел тұрады. Оның екпіні кей жерлерде секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Айдың басында суық күндер жиі болатын көрінеді.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Бірінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде 11-16, кей жерлерде 20 градус аяз болуы ықтимал. Түнде ауа температурасы -10 градусқа дейін төмендесе, күндіз -1-6, кей жерлерде- 9 градусқа дейін төмендейді.

Екінші онкүндікте де ауа температурасы өзгермейді. Сынап бағанасы күндіз минус 5, ал түнде минус 13 градусты көрсетеді деп болжануда. Күн райы шаһар тұрғындарын тек үшінші онкүндікте ғана қуантуы мүмкін. Себебі, бұл кезде ауа температурасы сәл жоғарылап, +5 пен 10 градус арасында ауытқуы мүмкін.

 

Ринат Айтжанов