Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” партиясына – 20 жыл

1999 жылдың 1-ші наурызында елімізде жаңа саяси бірлестік, “Отан” партиясы құрылды. Оның көшбасшысы болып Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды. Ал осыдан 6 жыл бұрын “Отан” “Нұр Отанға” айналды. Бас партиялықтар бүгін ел өмірінде елеулі орын алатын ұйымның 20 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Ортақ идея біріктіретін миллиондаған қазақстандықтар. Бұл – “Нұр Отан” партиясы. Осыдан тура 20 жыл бұрын 99-жылдың 1-наурызында ол өз жұмысын бастаған еді. Содан бері Елбасының төрағалығымен бас партия халықтың жоғын жоқтап, мүддесін қорғап, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді.

Жанар Таласпаева – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ саяси бюросының мүшесі:

– Ардагерлер мен көмекке мұқтаж жандарды қолдауда болсын, жастарды қолдауда болсын партиямыз әрқашан алдыңғы қатарда көрініп келеді. Соған байланысты, “Ауыл – ел тірлігі”, “Құтты мекен”, “Халықты қолдау” деген сияқты жаңа бастамалардың бүгінгі күні үлкен нәтиже беріп келе жатқандығының куәсі болып отырмыз.

Осыдан бірер күн бұрын “Нұр Отан” 20-шы туған күнін республика деңгейінде атап өтті. Партияның 18-ші съезі ел бойынша 2 мыңнан астам делегаттың басын қосты. Солтүстік Қазақстаннан съезге 59 жерлесіміз қатысып қайтқан. Олар бүгін салиқалы жиыннан алған әсерлерімен бөлісті.

Максим Большедворов – «Радуга» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы:

– Шара жоғары деңгейде өтті. Залдағы атмосфера өте керемет. Партия көшбасшысы – Президентті тыңдағаннан кейін одан да қарқынды, жемісті жұмыс істеп, елді көркейтуге бар күшіңді жұмсағың келеді. Съезд алдында жаңа Үкімет жасақталған еді, сондықтан қазақстандықтар бұл жиыннан көп жаңашылдық күтті. Н.Назарбаев халықтың болашағын ойлайтындығын тағы бір дәлелдеді.

Съезде алдағы 10 жылда Қазақстанның даму бағыты бағамдалып, айқындалды. Елімізде өнеркәсіп, шағын және орта бизнес алға басады, ал ең бастысы әлеуметтік саланы ілгерілетіп, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру көзделген. Бұл үшін Президент ұлттық қордан 2 трлн 350 млрд теңге бөліп, партия мен үкіметке біршама міндет жүктеді.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Денсаулық сақтау саласын дамытуға биыл 120 млрд теңге бөлінеді. Осылайша медициналық көмек халыққа қолжетімді бола түспек. Тағы бір маңызды басымдықтардың бірі – тұрғындарды толықтай таза ауыз сумен және газбен қамту. Бұл мақсатта 140 млрд теңге жұмсалып, бүгінде шамамен 2 млн қазақстандықты толғандырып отырған мәселе шешіледі. Жуық арада жаңа Үкімет “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасның жобасын ұсынады. Оның көмегімен ауылдық жерлерді, ондағы инфрақұрылымды дамытып, жаңа өндіруші кәсіпорындарды тұрғызу мүмкіндігі туады.

Тапсырмаларды орындау жолында аянбай жұмыс істеуге әзірміз деп нұротандықтар белдерін бекем буып отыр. Сондай-ақ, бүгін бас партияның мерейтойына орай 11 жерлесіміз “Нұр Отан”-ның қатарына ресми түрде қабылданып, билеттерін салтанатты түрде қолдарына алды. Ал 18 азаматқа партияның өңірлік филиалының төрағасы, облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты табысталды.

Саят Ермек