ТЖ

Мектеп оқушылары өрт сөндіру мамандарының жұмысымен танысты

Петропавлдағы №2 өрт сөндіру бөлімінде оқушыларға арналып ашық есік күні өтті. Азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылған шараға 100-ге жуық оқушы қатысты.

Әр мектептен келген оқушыларға өрт сөндірушілер өздерінің жұмыстары жайлы айтып, техникалық жабдықтармен таныстырды. Балалар жаурап қалмасын деп ыстық шай да әзірлепті. Төтенше жағдай қызметкерлері мұндай шаралардың балалар үшін маңызы зор дейді.

Қуат Махметов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

 – Азаматтық қорғаныс күніне байланысты Петропавлдың орта білім беру мектептерінің оқушыларымен бірлесіп осындай іс-шара өткізіп жатырмыз. Шараның негізгі мақсаты – оқушыларды төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерге үйрету.

Бүгінгі іс-шарада мамандар от қойылған кедергі мен ілулі тұрған көпірден еш қиындықсыз өтіп, кәсіби шеберліктерін паш етті. Бәрінен бұрын келушілерге өрт сөндірушілердің тастай қараңғы лабиринттен еш қиындықсыз жол тауып шыққандары ұнады.
Ал бұл жерде өрт сөндіру машинасының биік сатысына шыққан маман оқыс жағдайға тап болған жандарды қалай құтқару керектігін көрсетуде. Жұмсақ матрастың әр бұрышын ұстаған балалар арнайы дайындық үшін жасалған маникенді әуеден қағып алды.

– Бүгін бізге мында қатты ұнады. Біз өрт сөндірушілерге қонаққа келіп көп нәрсені білдік. Сосын арнайы костюмдерін кидік.


– Бізге бүгін бәрі қатты ұнады. Себебі, осы экскурсия барлық адамға керек деп ойлаймын. Себебі, өрт әрбір уақытта басталып кетуі мүмкін. Өрт сөндірушілер көрсеткен экскурсиямен әр адам өз өмірін сақтап қалады деп ойлаймын.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келушілерге өрт сөндіруде қолданылатын машиналарды қалай тізгіндеу керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, балалар қар құрсауында қалып қойған көліктерді сүйреп шығаруға арналған темір тұлпармен танысты.

Асхат Ғалиасқаров