МТРА жаңалықтары

Қыздарға арналған “Бизнес негіздері” атты жиын өтті

“Бизнес негіздері”. Шаһарда осындай атаумен қыздарға арналған жиын өтті. Кездесуде өңірдің іскер азаматшалары бойжеткендерге кәсіп ашып, оны дөңгелетудің қыр-сырын түсіндірді. Сондай-ақ, жас табыскерлерді мемлекет тарапынан қолдау туралы да сөз болды.

Өңірдің іскер әйелдер қауымдастығы іс жүзінде осыдан 4 жыл бұрын құрылған. 1 жыл өтпей жатып ұйымның филиалдары облыстың 13 ауданында жұмыс істей бастапты. Қазіргі таңда оған 120 нәзікжанды мүшелік етеді. Солардың бірі – “Restauration” серіктестігінің жетекшісі Айтыкан Калгаева. Бүгін ол жастарға бизнес жолындағы қиыншылықтар туралы айтып, 20 жылдық тәжірибесімен бөлісті. Іскер азаматша өзінің алғашқы ісін Қарағанды қаласында кішігірім азық-түлік дүкенінен бастапты. Кейін Петропавлға көшіп келіп, “Алтын Орда” мейрамханасын ашқан. Бизнесвумен жастарға жасқанбай, мүмкіншілік барда жеке кәсіптерін дөңгелетуге кеңес берді.

Айтыкан Калгаева – “Restauration” ЖШС жетекшісі:

– Қазіргі біздің жастарға жан-жақтан көмек көрсетіліп жатыр. Біз сияқты бизнесмендер мен мұғалімдер болсын, мемлекет болсын қамқор көрсетеді. Тек қана олар өздері қалап, талпынса болғаны.

Бұдан бөлек, қатысушылар аталған шарада “Көшбасшылық – заман талабы”, “Команда жасақтау”, “Заманауи іс” сияқты тақырыптарды талдап, қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3-ші курс студенті Роза Величко болашақта жекпе-жек залын ашуды жоспарлап отыр. Себебі, бойжеткеннің өзі тай боксымен айналысады. Жуырда республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болыпты. Бүгінгі жиында ол өз ісін қалай бастау керек деген сұраққа жауап алды.

Роза Величко – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3 курс студенті:

– Шара барысында өз ісін ашқысы келетін жастарға арналған түрлі бағдарламалар қарастырылғаны туралы білдім. Оның аясында мемлекет тарапынан қаржылай көмек алуға болады екен. Алдағы уақытта мен де бұл мүмкіндікті пайдаланғым келеді.

Жиын соңында қатысушылар іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған шағын концертті тамашалады.

Молдир Шаяхмет