МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өңірлік департаменті ашық есік күнін өткізді

Атқарушы билік, құқық қорғау органдары және денсаулық сақтау. Бұл парақорлық деңгейі бойынша көш бастап тұрған салалар. Бұл жайлы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өңірлік департаментінің мамандары ашық есік күні барысында айтты.

Биік қоршау мен камералар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның өңірлік департаменті көп жағдайда құпия жұмыс істейді. Бірақ, бүгін бюро мамандары журналистер мен студенттерге есігін айқара ашып, өз қызметтерімен таныстырды.

Алдымен қонақтарға тергеу бөлмелері көрсетілді. Олардың саны мұнда екеу. Бүгінге дейін дәл осы кабинеттерде ұрты майланған шенділер өз қылмысын мойындаса керек. Парақор ісінің фабуласы осында белгілі болады. Ал мән-жайды анықтайтын мамандар – тергеушілер. Тілшілер мен жастарға олармен тілдесу мүмкіндігі де берілді. Бұл – Марат Мукамеджанов. Ұлттық бюроның жергілікті департаментінде шамамен 1 жыл жұмыс істейді.

Марат Мукамеджанов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының СҚО бойынша департаменті тергеу басқармасының тергеушісі:

– Біздің міндет – халыққа қызмет ету. Жұмыс барысында күдіктілермен сөйлесіп, істің анық-қанығына жетуге тырысамыз. Біз үшін ауқымды болсын, ұсақ болсын – кез келген ақпарат маңызға ие. Бір қылмыстың бетін ашуға шамамен 2 ай уақыт жұмсаймыз.

Мәселен, Мамлют ауданының бұрынғы әкімі Жастілек Сыздықовтың әрекеті әлі күнге дейін ел аузында. Экс-атқамінер кәсіпкерден 185 мың рубль көлемінде пара алған. Бұл қылмысы үшін мемлекетке 22 млн теңгенің айыппұлын төледі әрі мемлекеттік қызметтен мәңгіге шеттетілді. Жемқорлықтың арты неге әкеліп соқтыруы мүмкін? Заңсыз ақша алдындағы әлсіздіктің салдары меймандарға арнайы бейнеролик барысында көрсетілді, шынайы мысалдар негізінде.

Мұнда бірінен соң бірі құрықталған өңірдің бұрынғы бас архитекторлары Валерий Затай мен Мұрат Аблаев және өзге де ондаған шенеуніктің қанша пара алғаны, қалай ұсталғаны көрсетіліп, оларға тағайындалған жаза жайында айтылды. Студенттер мен тілшілер тарапынан қойылған сұрақтар көп болды. Жиі кездескені мынау – қай салада парақорлар көп? Алғашқы үштікке жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласы кіреді екен. Бірақ, жемқорлықты болдырмау жолында азаматтардың белсенді әрекет етуі аса маңызды дейді мамандар.

Светлана Зайцева – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы СҚО бойынша департаментінің өкілі:

– Тұрғындар телефоннан 1424 нөмірін теріп, сыбайлас жемқорлық фактісі жайлы бізді хабардар етсе жеткілікті. Әрі қарай бюро мамандары тиісті шараларды жүргізіп, қылмыскерлерді анықтайтын болады. Мәселен, 2018 жылы аталған қауырт желінің көмегімен ел бойынша 300-ден аса қылмыстың беті ашылды, ал СҚО-да шалынған қоңырау негізінде 5 парақор құрықталды.

Жиын соңында жастарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаментіне қызметке тұру тәртібі түсіндірілді. Мәселен, қазір мұнда жедел басқару офицерлері жетіспейді екен.

Саят Ермек