Білім

СҚ мемлекеттік архивінде жастармен кездесу өтті

Ұрпақтар сабақтастығы. СҚ мемлекеттік архивінде аға буын өкілдерінің жастармен кездесуі өтті. Шараға студенттер мен кезінде тағдыр тәлкегіне ұшырап, қазақ жеріне депортацияланған ұлт өкілдері қатысты.

Шынымен, қазақ жері жүзден астам ұлт өкіліне ыстық мекенге айналды. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, бір мезетте тарихи Отандарынан қуылған жұртшылық жазық далада өзіне пана тапты. Бір тамшы су мен бір үзім нан болмаған кезде оларға жаны жайсаң жергілікті халық көмек қолын созды. Тоталитарлық жүйенің құрбандарына айналған неміс, поляк, корей, шешен ұлттарының өкілдері осылайша аман қалып, елімізде өз тамырларын жайды. Бүгінде олар барлығымен бірдей Қазақстанды өздерінің Отаны санап, мемлекеттің дамуына үлестерін қосуда.

Евгений Кинцель – Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

– Бұл – өте керемет мереке. Менің атам мен әжем кезінде Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударылған болатын. Жергілікті халық оларды жылы қабылдап, көмектерін аяған жоқ. 90-шы жылдары олар Германияға қайтты. Бірақ, сағынып келгенде көздеріне жас алатын. Себебі, Қазақстанды нағыз Отаны ретінде санады.

Тарих беттерінде қалған бұл оқиғаларды кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың міндетіміз. Оны Карина Хайрушева жақсы біледі. Болашақ тарихшы осы бастан-ақ, еліміздің түрлі кезеңдерінде орын алған жайттарды зерттеумен айналысуда. Ал, өткен жылы бойжеткен «Қазақ газеттеріндегі жастар саясатының көрінісі» тақырыбында ғылыми жоба жазыпты. Еңбегінде Алаш зиялыларының атқарған шаруасы мен бүгінгі қыз-ұлдардың белсенділігі көрініс тапқан.

Карина Хайрушева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бұл жердегі басты айырмашылық – қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолдау бар. Бұрынғы кезде зиялылар өздерінің идеялары үшін қуғын-сүргінге ұшыраған болатын.

Шынымен де, 21-ші ғасыр – мол мүмкіндіктер заманы. Әсіресе, соңғы уақытта елімізде өскелең ұрпақтың бастамаларына үлкен көңіл бөлінуде. Бұған Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы дәлел. Белсенді ұл-қыздар саясатының бастауы егемендікке енді қол жеткізген 1991 жылда жатыр. Дәл сол уақытта Н.Назарбаев «Мемлекеттік жастар саясаты» заңын қабылдаған болатын.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Шынымен де 90-шы жылдар еліміз үшін оңай болған жоқ. Соған қарамастан Қазақстанда жастар саясаты жүргізілді. Ұл-қыздарды қолдау үшін Елбасы “Дарын” сыйлығы мен “Болашақ” шәкіртақысын тағайындады.

Жастармен кездесулер Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде жыл бойына ұйымдастырылмақ.

Эльмира Садвокасова