Қоғам

Информатик ұстаздарға робот жасаудың барысы түсіндірілді

Легодан құлтемір құрастырудың қыр-сыры. Оқушылар сарайында информатика пәні мұғалімдеріне арналып облыстық семинар-практикум ұйымдастырылды. 40-қа жуық ұстаз қатысқан жиында робототехника ісі кеңінен таныстырылды.

Қатысушылар мен келген қонақтар үшін ән мен биден шашу шашылды. Артынан Оқушылар сарайының директоры сөз сөйлеп, іс-шараның маңызына тоқталып өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша ауылды жерлерде робототехника жасау дамымай қалған. Көп мектептерде құлтемір құрастыруға қажет құрылғылар да қолданылмай, шаң басып жататын көрінеді. Себебі, балаға дұрыс бағыт-бағдар беретін ұстазының теориялық білімінің болмауынан. Роботты кез келген адам жасай алады. Алайда, оған тиісті бағдарламасын енгізу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Кәмшат Мусина, Оқушылар сарайы ғылыми-әдістемелік ұйымының меңгерушісі:

 – Бәріміз білеміз, қазір қала мектептерінде, облыс мектептерінде робототехника саласына қатысты ұйымдар ашылып жатыр. Сол ұйымда жұмыс істейтін мұғалімдер үшін өткізіліп жатыр бұл семинар. Біздің тәжірибелі мамандар шеберлік сағаттарын өткізеді.

Қазақ мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі Атабек Шаймерденов роботқа тағылатын датчиктерге шолу жасап, оны қалай орнату керектігін түсіндіріп өтті.

Атабек Шаймерденов, қазақ мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі:

– Бүгінгі біздің семинарымызда мен роботтардың датчиктері жөнінде сөз қозғаймын. Ол датчиктер қалай жұмыс істейді, оның мүмкіндіктері жөнінде. Осы кабинетте ұстаздарға лего ева 3-тің датчиктері жөнінде ақпарат беруге тырысамын.

Атабек Шаймерденов өзінің шәкірті Біржан Жайлаубай жасаған Лего ева 3 құлтемірінің қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Бұл құрылғыда 4 қозғалтқыш, 4 датчик орнатылған. Роботтар сайысына қатысуға арналып жасалыпты. Батырманы басу арқылы іске қосылады.

Бүгінгі семинарға жиналғандардың әрқайсысы өзінің жасаған техникаларын дәріптеп қана қоймай, бағдарламаның қалай жүктелетіні туралы да баяндады. Жалпы, бұл семинарға 40-қа жуық адам қатысты. Робот жасаудың қыр-сырын меңгерген 4 маман келушілердің осы іске деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Информатика пәні мұғалімдері енді келешекте шәкірттерін құлтемір құрастыруға баули түспек.