Қоғам

Емдеу мекемелерінің қызметіне бақылау

«Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері қаладағы емдеу мекемелеріне барып, «құпия сатып алушы» әдісі арқылы қызмет алып көрген. Емханалардың бірінде оларға 0-86-шы анықтаманы толтыруға көмек көрсетемін делінсе, енді бірінде жөнді консультация жүргізілмепті.

«Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері «құпия сатып алушы» әдісі бойынша қаладағы емдеу мекемелеріне барып, олардағы жағдайды көрген. Тексеру жұмыстары облыстық аурухана, 2-ші, 3-ші, 4-ші емханалар мен кардиологиялық орталық, психоневрологиялық және онкологиялық диспанЕрде өткізіліпті. Көбінде дәрігерлер мен медициналық персонал тарапынан өрескел ереже бұзудың фактілері тіркелмеген. Бірақ, кейбірінде олқылықтар орын алған көрінеді.

Екатерина Старостина – «Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– 2-ші қалалық емхананың филиалында құпия сатып алушыға 0-86-шы анықтаманы алу үрдісін жеделдетуге мүмкіндік бары айтылды. Яғни, барлық дәрігерлердің қолын тез арада қойғызып беруге жағдай жасалды. Бұл дегеніміз – жемқорлық фактілеріне жол берілді деген сөз. Қазір республикада мұндай анықтамаларды мүлдем алып тастау қажеттігі айтылуда. Тағы 3-ші қалалық емханаға барғанда емдеу мекемесіне тіркелу реті дұрыс түсіндірілмеді.

Дұрыс берілмеген кеңестің нәтижесінде тұрғындарға да қажеті жоқ құжаттарды жинап, біраз уақыт жоғалтуға тура келер еді. Ал қазір емханаға тіркелу электронды портал арқылы жүргізіледі. Алдағы уақытта жобалық кеңсе қызметкерлері тағы білім саласында да осындай әдісті пайдаланып тексеріс жұмыстарын жүргізбек. Жалпы, олар 6 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Ал қордаланған проблеманы кімге жеткізуді білмей жүрсеңіз, онда халықтық бақылау сайтына жүгіну қажет. Мұнда кез келген өңір тұрғыны өз шағымын қалдыра алады.

Серік Айдарбеков – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Сайтқа тіркеліп, аты-жөнін жазып, өз базынасын мемлекеттік органға жеткізуге мүмкіндік бар.

Жыл басынан бастап сайтқа солтүстікқазақстандықтардан 10-нан астам өтініш келіп түскен. Олардың барлығы оң шешімін тауыпты. Бүгіндері қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы атты тағы бір жоба жүзеге асырылуда. Ел көлемінде бастау алған жаңашылдық аясында тұрғындар әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылай алады.

Магжан Ахмадина