МТРА жаңалықтары

Қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы

Бүгін петропавлдық қоғамдық кеңес мүшелері жаңартылған құрамда алғаш рет бас қосты. Отырыс барысында олар шаһарда өзекті тұрған бірқатар мәселелерді талқылады. Мәселен, кеңес мүшелерін қаладағы автокөлік тұрақтарының тапшылығы алаңдатады. Олар темір тұлпар қоятын аумақтардың саны көбейтілсе дейді.

Петропавл қаласының қоғамдық кеңесі түйіткілді мәселелерді талдап, оларды шешу жолдары бойынша шаһар басшылығына нұсқаулықтар береді. Бүгінгі жиында осындай 3 мәселе қарастырылды. Алғашқысы – қала мүгедектерін, тағы темір тордан босап шыққан және шартты түрде сотталған азаматтарды жұмыспен қамту. Жарымжандар бойынша жағдай қалыпты. Ал іске іліккендерге жыл сайын арнайы квоталар бөлінеді екен. Бірақ, көбі оны пайдаланбайтын көрінеді.

Данияр Асылбеков – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– 2018 жылы жазасын өтеп шыққан және шартты түрде сотталған азаматтарға 7 кәсіпорында 17 квота бөлінген еді. Бірақ, 7 тұлға ғана еңбекпен қамтылған. Қылмыстық-атқару жүйесінің мамандары бізден жұмыс орындарын сұрайды. Алайда, азаматтардың өздері барып, еңбек етуге құлшынып отырған жоқ.

Бұл проблеманың тек бір жағы ғана. Тағы, істі болған азаматтарды кәсіпкерлердің көбі жұмысқа қабылдаудан қашады екен. Кеңес мүшесі Павел Афанасьев мәселеге басқа қырынан қарау керек деп санайды.

Павел Афанасьев – қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Бұрын сотталған, ал қазір кәсіпорын басқарып отырған бизнесмендер қалада бар. Бірнешеуімен жеке таныспын. Осы азаматтармен сөйлесіп, келісу керек. Меніңше, олар мұндай жұмысшыларға қажетті жағдайлардың бәрін жасайтын болады, себебі кезінде өздері де олардың орнында болған.

Көтерілген екінші сауал – қалада мақсатсыз пайдаланылып отырған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару. Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Алайда, кеңес мүшелерінің сөзінше, билікке тиесілі телімдерге металл гараждарын қойып, жер кодексін бұзатын петропавлдық көлік иелері көп. Мұндай нысандар саны бүгінде 150-ден асады. Әрі шаһарда көлік тұрақтары тапшы, ал темір тұлпарлардың саны жыл санап өсіп келеді.

Сергей Худяков – қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Қаланы дамыту жоспарында автокөлік тұрақтарына арналған аумақтарды қарастыру керек. Көптеген жылдар бойы пайдаланылмай тұрған учаскелерді тартып алып, дүкендер мен ойын-сауық орындарын салғанша, тұрақ жасаған артық. Себебі, қалада, әсіресе орталықта темір тұлпар қоятын жерлер жетіспейді.

Кейін қоғамдық кеңес мүшелері Петропавлдың биылғы бюджетіне шолу жасады. Марат Тасмағанбетовтың есептік кездесулерінде тұрғындардан жолданған сауалдар ескеріліп, биыл облыстық қазынадан шаһарға қосымша 750 млн теңге бөлінбек. Оның 300 млн-ы – балалар алаңқайларын орнатуға, ал 150-і аулаішілік жолдарды қалыпқа келтіруге жұмсалмақ. Ал ескі лифтілерді ауыстыруға биыл қала бюджетінен небәрі 9 млн теңге бөлінген. Аталған сома қажетті 27 жеделсатының тек біреуін ғана алмастыруға жетеді. Бұл кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады.

Бірақ, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Назгүл Бекмағанбетова жыл бойына жедел сатыларды ауыстыруға қосымша қаражат бөлінеді деп сендірді. Бұдан бөлек, биыл Петропавлда үй жануарларын серуенге шығаруға арналған екі жаңа вольер пайда болмақ. Ол үшін 19-шы және 20-шы ықшам аудандарда тиісті аумақ қарастырылып, қазынадан 4 млн теңге де бөлініп қойған.

Саят Ермек