Денсаулық сақтау

Цирфрландыру – заман талабы

Өңірімізде денсаулық сақтау саласын цифрландыру қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, келесі аптаның соңында №3 қалалық емханада ауруларды басқару бағдарламасы іске қосылмақ. Оның көмегімен созылмалы дертке шалдыққан жандарға қай дәрігерге қаралу керек, қандай анализ тапсыру керек сияқты ақпарат смс арқылы жіберілетін болады. 

БАҚ өкілдерінің баспасөз туры №3 қалалық емханадан басталды. Мұнда журналистерге денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағыты бойынша тындырылған іс баяндалды.

Емханада ақпанның бірінші жұлдызынан бастап электрондық терминал пайда болған. Оның көмегімен адамдар ақхалатты маманның қабылдауына кіру үшін көп күтпейді. Яғни, келушілер бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте сабылыспай, қолындағы талондары арқылы кабинеттерге оңай өтеді. Дәрі-дәрмекті де осы тәсілмен еш қиындықсыз алады. Әрі дәрігерлердің қабылдауына жазылады. Тағы, мұнда SKOmed мобильдік қосымшасы да бар. Аталған жаңашылдық арқылы тұрғын өзіне қажетті дәрігерді анықтайды, қабылдауға жазылады, препараттар жайлы мәлімет алады.

Әлия Тәшетова – №3 қалалық емханасының бас дәрігері:

–  Ауруларды басқару жүйесі дейміз, қазір сондай жобамен де жұмыс жасап жатырмыз. 1400-ден аса адам соған тіркелген. Ол қосымшаның көмегімен науқастарға қай уақытта емханаға келу керек, қандай дәрігерге қаралу керек, қандай анализ тапсыру керек сияқты ақпарат смс арқылы жіберіледі. Тағы, қандай дәріханаға қандай дәрі-дәрмек келді сол жайлы мағлұмат та тұрғындарға жіберіледі.

Бұл тың жүйе келесі аптаның соңында іске қосылмақ. Бұдан бөлек, емхананың фельдшерлері “Надежда” бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Олар аталған жоба арқылы тұрғындардан шақырту қабылдайды екен.

Әлия Молдашева – №3 қалалық емханасының аға фельдшері:

–  Бізде 8 фельдшер мен 8 жүргізуші бар. Алдыңғы аталған мамандардың қолдарында планшет болады. Сол құрылғыға тұрғындардың шақыртулары келіп түседі. Оны қызметкерлер көріп, адамдарға көмек көрсетуге барады. Ақпан айында күндізгі уақытта орта есеппен – 40-50, ал түнгі мезгілде 25-30 шақырту қабылдап жүрміз.

Журналистер қауымының келесі аялдаған жері облыстық кардиологиялық орталық болды. Қазіргі күні аталған емдеу мекемесі науқастарға 100 пайыз цифрлы түрде қызмет көрсетеді екен.

Асхат Молжігітов – Облыстық кардиологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Біздің кардиологиялық орталық Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен барлық 41 түрлі үлгі бойынша жұмыс істейді. Мұның арқасында мамандардың ісі әлдеқайда жеңілдеді. Мысалы, аудандардан науқастардың электрокардиогра́фия, яғни ЭКГ-сы телеметриялық жүйе арқылы 30 секудтың ішінде жіберіледі. Оны біздің дәрігерлер қарап, жедел немесе консервативтік емдеу қажеттігін анықтайды.

Дәрігер айтып тұрған 41 үлгіге жіті тоқталайық. Бұл тізімге ЭКГ-ны телеметриялық жүйе арқылы жіберуден бөлек, науқастың электронды картасы, сарапта қорытындысы, дәрігердің кеңесі сынды бірқатар мағлұмат кіреді. Яғни, мұның бәрі медициналық ақпараттық жүйеде болады. Оны мамандар өздерінің компьютерлерінен қарап, тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ал, облыстық онкологиялық диспансерде цифрландырудың 136 түрі енгізіліпті.

Ермек Әбдірімов – Облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

– Лабораториялардың көрсеткіші, гистологиялық зерттеу әдістері, оталардың протоколдарды бар. Осының бәрін бір-бірімізге апарып жүрмейміз. Барлығы электрондық түрде болады.

Алдағы уақытты облыстық онкологиялық диспансер цифрландыруға тағы да қарқын қосып, 2 бірдей қызмет түрін өздерінің жұмыстарына енгізбек ниетте.

Байболат  Култанов