Балалар

Петропавлда “Жігіт сұлтаны” сайысы өтті

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Жігіт сұлтаны” сайысы өтті. Оған жоғары оқу орнында білім алып жүрген сегіз қырлы бір сырлы 12 студент қатысты. Барлығы да үш кезең бойынша бақтарын сынап, жігіттің сұлтаны атану үшін барларын салды.

Сайысқа қатысушылардың бірі – Нұрсұлтан Парахатов. Бүгінде талай додаларда бағын сынап, жеңіспен қатар жеңілістің дәмін татқан сері жігіт осы күні аздап қобалжығанын жасырмады. Бала күнінен өлең оқуды жаны сүйетінт ол бұл жолы түн ұйқысын төрт бөліп, әлпештеп өсірген анасына монолог оқуды жөн көріпті.
Өз өнерін көрсетіп болған соң Нұрсұлтан залда отырған анасына гүл шоғын сыйлап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Нұрсұлтан Парахатов – сайысқа қатысушы:

– Жігіт сегіз қырлы-бір сырлы болу керек. Бүгінгі «Жігіт сұлтаны» байқауында мен қайтсем де жеңімпаз атанамын деп ойлаймын.

Ал Нұржан Күнтебай болса осы байқауға 1 ай көлемінде дайындалған көрінеді . Сайыста “Антурнан” би ұжымымен қосылып заманауи стильде би билеген ол қайтсем де жеңемін дейді.

Нұржан Күнтебай – сайысқа қатысушы:

– Жаңа форматта болған соң заманауи стильдегі би өнерін көрсеттім. Яғни, «Антурнан» би ансамблінің сүйемелдеуімен бірге.

Таныстыру кезеңінде қатысушылардың білімі, сөз саптауы, сөйлеу мәнері сыналды. Келесі турда өз өнерлерін көрсетті. Үміткерлер барлығы 3 кезең бойынша бақтарын сынады.

Гүлжауһар Жақан – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттер клубының жетекшісі: 

– Бүгінгі сайысқа университетіміздің ең талантты деген студенттері іріктеліп алынды. 1 ай көлемінде тренинг өткізіліп, олармен хореографтар жұмыс жасады.

“Жүйрік жүлдесіз қалмайды” демекші әр қатысушыға номинациялар бойынша сыйлықтар табыс етілді. Ал, ең басты – «Жігіт сұлтаны» деген атауға Педагогикалық факультеттің 2-ші курс студенті Қажыгелді Ислямбеков лайық деп танылды.

Ринат Айтжанов