Мәдениет

Петропавлда алғаш рет зағип жандарға арналған көрме өтті

Өңірде «Ұлы дала жауһарлары» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында облыстық бейнелеу өнері музейінде алғаш рет көру қабілеті нашар адамдарға арналған көрме ұйымдастырылды. Шараға танымал суретшілер туындыларының барельеф-көшірмесі қойылған. 14 картинаны Оқушылар сарайындағы көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері орындапты.

Бейнелеу өнері музейіндегі бүгінгі көрме басқаларынан өзгеше. Ерекшелігі сол – мұнда картиналардың екі бірдей нұсқасы ұсынылған. Біріншісі – суретшінің өзі салған түпнұсқа болса, оның астында зағип жандар үшін арнайы жасалған туындылар жайғастырылған. Осылайша, көзі нашар көретін жерлестеріміз Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмаилов, Жанатай Шарденов пен Сахи Романов сынды белгілі өнер иелерінің жұмыстарын бағалай алады. Мұндай бірегей көрмені ұйымдастыру идеясы жергілікті мұражай қызметкерлеріне тиесілі екен.

Жібек Жүзенова – облыстық бейнелеу өнері музейінің қызметкері:

–  Өткен жылы біз Алматы қаласына іссапармен барып, Ә.Қастеев атындағы музейде осындай туындыларды көрдік. Кейін біз де қолға алуды жөн көрдік. Оқушылар сарайындағы көркемсурет мектебі бізге ұсыныс жасады. Қолымыздан келеді деді. Көріп тұрғанымыздай, шынымен де, өте жоғары деңгейде орындалған жұмыстар.

Бұл – 16 жасар Ульяна Популованың жұмысы. Бойжеткен Ресейдің халық суретшісі Бақи Урманче туындысының тура көшірмесін жасапты. Айтуынша, оңай шаруа емес. Себебі, әрбір детальды барынша түсінікті етіп бейнелеу қажет.

Ульяна Популова – Оқушылар сарайы көркемсурет мектебінің тәрбиеленушісі:

– Мен көптеген картиналармен танысып, дәл осы суретті жасағым келді. Табиғаттың көрінісін жаныма жақын тарттым. Бір күн бойы оны жіті зерттеп, кейін қажетті материалдарды іздестіре бастадым. Қағаз бен желімді араластырып, керек форманы жасадым. Тағы ағашты бейнелеу үшін бұтақтарды қолдандым. Бір айдай уақытым кетті. Осылайша, зағип жандарға керемет картинаны сезіну мүмкіндігін сыйлағаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да барельефті-көшірмелерді жасағым келеді.

14 картина және сонша көшірме. Жас суретшілер әрбір пейзаж, портрет пен натюрморттағы детальдардың барлығын дәл жеткізе білген. Осылайша, кішкентай алма мен ағашты да, жайлауда жайылып жүрген малды да қолмен ұстап, айқын сезінуге болады. Картинаны көз алдына елестетуге Браиль шрифімен жазылған анықтамалық ақпарат септеседі.

– Мен үшін картиналарды елестету қиындау болды. Бұған үйрену қажет, уақыт өте келе жақсырақ түсінетін боламыз деген ойдамын.

– Біз бұрындары музейдегі мүсіндердің көрмесіне ғана келетінбіз. Ал, суретшілердің туындыларын тамашалау мүмкіндігі алғаш рет жасалып отыр. Өте қуаныштымыз. Картиналардың барлығын ұстап, қарап шықтық. Балалар мен мұражай қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз.

Шара бейнелеу өнері музейінде бір ай көлемінде жалғасатын болады.

Эльмира Садвокасова