Спорт

“Құлагер” мен “Ертіс” арасындағы есеп теңесті

“Құлагер” мен “Ертіс” хоккей клубтары арасындағы бәсеке әлі де жалғаспақ. Кеше солтүстікқазақстандық жігіттер өз айдынында павлодарлықтарды тізе бүктіріп, жалпы есепті теңестірді. Енді, қос ұжым арасындағы соңғы, 7-ойын өтеді. Ол матчта жеңіске жеткен құрама жартылай финалға жолдама алады.

Ойын басталысымен құлагерліктер бірден шабуылға көшіп, ертістіктерге шайба салуды көздеді. Қанша тырысып баққанымен қақпашыдан айлаларын асыра алмады. Айдын қонақтары бірер минут өткен соң қарқындарын үдетіп, қарсылас команданың қақпасын торуылдауға кірісті. Әдемі пастармен алмасқан ертістіктер 1 шайба салып есеп ашты. Біраздан кейін құлагерлік шабуылдаушы Илья Ахметов гол соғып, есепті теңестірді.

1 период құлагерліктер үшін мүмкіндіктерге толы болды. Кейбір сәттерде жерлес ойыншылар қателіктерге бой алдыртып, пастардан айырылып жатты. Десе де қолдаушылар олардың жеңетіндеріне күмән келтірмеді.

– Меніңше, бүгін ойын қиын болады. Сенімімізді ақтайды деп ойлаймын.

– Құлагер” жеңеді.

– Құлагер” жеңеді деп сенемін. Бүгін қарқындары жақсы.

Ал екінші периодта павлодарлықтар белсенділік танытты. Шайбаға толық иелік етіп, құлагерліктердің қақпасын айналып жүріп соқыны бірінен соң бірін жұмсады. Бірақ, қақпашы өзіне қарай бағытталған шайбаларды қолымен қағып алып отырды. Осы арада қарсыластар арасында кикілжің орын алып, оның арты төбелеске айнала жаздады.

2-ші периодтың соңына дейін қос команда да бірде-бір шайбаны қақпа сызығынан асыра алмады.
Ал соңғы кезең басталысымен “Ертіс” құрамасының ойыншысы Денис Гурьев өз қоржындарын тағы бір ұпаймен толықтырды. Көп ұзамай құлагерлік Алексей Грищенко да әріптесінің пасын ұтымды пайдаланып ертістіктерге гол соқты.

Есеп 2 де 2. Басымдыққа ие болу үшін екі құрама да барларын салды. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда жергілікті хоккейші Денис Стасюк шайба салып, есепті 3-2 жеткізді. Жанкүйлердің қуаныштарында шек жоқ.

Осылайша, құлагерліктер өздерінің плей-офф аясындағы алтыншы ойынын жеңіспен аяқтады. Жартылай финалға жолдама алу үшін жерлестерімізге тағы бір ұпай қажет. Бітіспес бәсекелестер шешуші ойынды Павлодар қаласында өткізеді.

Асхат Ғалиасқаров