МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлер мен тауарөндірушілердің назарына

Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдерге тауар саудалайтын жерлестеріміздің құлақтарына алтын сырға. Енді, олар өнімдерін жаңа сертификат және декларация бойынша сатуы тиіс. Бүгін аталған құжат түрлері бірқатар солтүстікқазақстандық тауарөндірушілерге таныстырылды.

2016 жылдың 15-ші қарашасында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының кезекті шешімі шықты. Онда одақ құрамындағы елдер арасында тауар саудалау үшін жаңа сертификат немесе декларация рәсімдеу қажеттігі көрсетілген. Бірақ, бұл жаңашылдық бірден қолданысқа енгізілмеді. Бланктардың әзірленуіне байланысты өзгеріс заңды түрде биыл, 1-ші қаңтардан бастап күшіне енді.

Екатерина Паршина – ҚР ИИДМ ТРМК СҚО бойынша департаментінің бас маманы – СҚО мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторы:

–  Жаңадан рәсімделетін сертификат кемінде 4 дәрежелі қорғаудан тұрады. Оның сыртында гильош шеңбер болады. Құжаттың төменгі бөлігінде микромәтін жазылады. Тағы, мөлдір голографиялық қатпарлы материалмен қорғалады. Бұдан бөлек, куәлікте өнімді шығарушы елдің коды және 7 араб әрпінен құралған сериялық нөмірі көрсетіледі.

Тағы, жаңа сертификаттың жоғарғы жағында Еуразиялық экономикалық одақ деген жазу бар. Ал, бұрын бұл жерде Кедендік одақ деп жазылыпты. Декларацияда да дәл сондай өзгеріс орын алған екен. Соңғы аталған құжат / көлемі 210х297 мм құрайтын ақ түсті қағазда жасалады. Қос куәлікті де жергілікті кәсіпкерлер мен өнім өндірушілер Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының облыстық филиалында рәсімдей алады.

Марьяш Смағұлова – “Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы” АҚ СҚО бойынша филиалының 1-ші санатты маманы:

–  Бұл құжатты рәсімдеу үшін жеке кәсіпкер немесе тауар өндіруші аккредиттелген ұйымға жүгінуі керек. Алдыменен өтініш жазылады. Одан соң біздің эксперттер жұмыс жүргізуге көмек көрсетеді.

Жаңа сертификатпен декларация рәсімдеу жайлы шешім құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданыпты. Бұл ретте айта кеткен жөн, бұған дейінгі, яғни ескі құжаттары бар кәсіпкерлер өздерінің тауарларын одақ құрамындағы мемлекеттерге өткізуге мүмкіндіктері бар. Тек, олар бұл саудасын куәліктерінің уақыттары аяқталғанша дейін ғана жүргізе алады. Кейін, жаңадан сертификат немесе декларация рәсімдеуі міндетті. Жалпы, қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдерге солтүстікқазақстандық 100-ге жуық кәсіпорын өздерінің тауарларын шығарып отыр.

Байболат  Култанов