ТЖ

Өңірде республикалық “Көктем-2019” оқу-жаттығу жиыны өтті

Бүгін ел бойынша “Көктем-2019” командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Осылайша, республика көлемінде шамамен 40 мың маман және 10 мың бірлік техниканың қауырт маусымға әзірлігі тексерілді. Маңызды шара барысында теріскей құтқарушылары да тасқын судың алдын алып, салдарын жоюға дайындықтарын пысықтады. Оқу-жаттығу жиыны Мамлют ауданынан бастау алып, Петропавлдағы Заречный кентінде жалғасты.

2017 жылдағы алып су тасқынында Заречный кенті бір түнде Венецияға айналған еді. Биыл да Есіл арнасынан асса, бұл ауданның су астында қалу қаупі жоғары. Топан судан жапа шеккен азаматтарды №13 мектеп қабылдайды. Алдымен тұрғындар тіркеледі, қажет болса медициналық немесе психологиялық көмек ала алады. Түнеу мен тамақтану пункттері де оқу ошағында қарастырылған.

Саят Ермек – тілші:

– Баспанасын қызыл су басып, далада қалған тұрғындарды мұнда жайлы кереуеттер күтіп тұр. Бір уақытта бұл спортзал 60-қа жуық адамды қабылдай алады екен. “Қызыл ай” қоғамының өкілдері де осында. Мұқтаждарға олар сабын-сүлгі, жылы киім сынды қажетті заттарды үлестіретін болады. Эвакуациялау пунктінің өзінің асханасы да бар. Тасқын зардабын шеккендерге ыстық тамақ осы жерде әзірленіп, осы жерде берілетін болады.

Төтенше жағдай кезінде жүргізілетін бұл шаруаның бәрі бүгін бір қайтара пысықталды әрі арнайы құрылған жедел штаб мүшелеріне көрсетілді. Мектеп басшылығы қауырт маусымға әзірміз дейді.

Раушан Рамазанова – №13 орта мектебінің директоры:

Біздің ұжымымыз әр жылда су тасқынына қатысты шараларды өткізуге дайын. Мұғалімдеріміз тәжірибелі. Адамдарды мектебіміздің қабырғасында қабылдауға дайынбыз.

Ал бұл – Оңтүстік Орал темір жолы бойындағы жаттығу. Сценарий бойынша, еріген қар суының салдарынан пойыз рельстен шығып кеткен. Нәтижесінде, аммиак толы цистерна құлап, улы зат ауаға тарайды. Алдымен құтқарушылар жағдайды бағамдайды, электр қуаты көздерін өшіреді. Кейін зардап шеккендерді қауіпсіз жерге көшіріп, аммиак тараған аумақты зарарсыздандырады. Улы заттың одан әрі таралмауын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде тапсырма жоғары деңгейде орындалды.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруға негізгі күш пен құралдарды жұмсадық. Облыс аумағында әлі күнге дейін қыстың болуына байланысты біз су өткізу құбырларын, көпірлерді, өзен-көлдердегі мұзды жару жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқпыз. бірақ, бүкіл дайындық мәселелерін қарап шықтық.

Айта кетейік, биылғы республикалық “Көктем-2019” оқу-жаттығу жиынының штабы теріскей өңірінде орналасты. Ел бойынша аталған шараға 40 мыңнан астам маман қатысып, 10 мың техника бірлігі тартылған.

Жомарт Асқаров – “Көктем-2019” республикалық оқу-жаттығу штабы бастығының орынбасары:

– Көктем-2019″ оқу-жаттығу жиыны теориялық және практикалық түрде ұйымдастырылды. Оның барысында мамандар орын алуы мүмкін су тасқынының зардаптарын жою және өзге де төтенше жағдайларға дайындық жұмыстарын пысықтады. Барлық іс-шара жоспар бойынша өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта “Қазгидромет” синоптиктерімен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Олар бізге әр апта сайын ауа райы жайлы ақпарат беріп тұрады.

Құтқарушылар қауырт маусымға 15-ші наурыздан бастап 100 пайыз сақадай сай болулары тиіс. “Көктем-2019” – соңғы әзірлік пысықталатын шара. Мамандарға іске жауапкершілікпен қарау қажет, себебі бүгінде теріскей бойынша 92 елді мекенді қар күрт еріген жағдайда су басу қаупі бар.

Саят Ермек