Білім

ГТК-да кәсіби шеберлік байқауы өтті

Радиотехника, дизайн, туризм және құқықтану. Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде осы және өзге де мамандықтар бойынша кәсіби шеберлік байқауы өтті. Сайыста қалалық және аудандық білім ошақтарынан 100-ге жуық оқушы бас қосты.

Ниёлби Халилова – Кондратовка орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Бүгін ол байқауда “Туризм” мамандығы бойынша бағын сынап көрмек. 15 жасар жеткіншек болашағын осы кәсіппен байланыстыруды жоспарлап отыр. Себебі, кішкентайынан шет елдерге саяхаттағанды ұнатады екен. Мәселен, Ниёлби өткен жылы Германия, Корея, Ресей сияқты мемлекеттерде болып қайтқан. Ал биыл отбасымен бірге өзінің Атамекені – Тәжікстанға барып келген екен.

Ниёлби Халилова – байқауға қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Маған Тәжікстанның табиғаты ұнады. Демалыс курортында болдық. Қазір мен 9-шы сыныпта оқимын. 11-сыныптан кейін Астана қаласындағы университетке түскім келеді.

Ал мына жерде байқау практика жүзінде өтіп жатыр. Қатысушылар радиоқабылдағыш құрылғысын 15 минутта жинап шығулары қажет. Яғни, олардың басты мақсаты – схема бойынша әрбір элементті бір-біріне дұрыс жалғап, көк шамның жануына қол жеткізу. Бірінші болып аталған тапсырманы қалалық 9-орта мектебінің оқушысы Никита Семыкин орындады. Бұл жеткіншек үшін еш қиындық туғызбапты. Себебі, ол 4-сыныптан әскери-техникалық үйірмеге қатысып, робототехниканың қыр-сырын сол кезден меңгере бастаған екен.

Никита Семыкин – байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бұл байқауға мен 3-ші жыл қатарынан қатысып жатырмын. Бүгін радиоқабылдағыш құрылғысын жинадық. Ең бастысы шартты белгілерін білсең болғаны, қалғаны оңай. Өзіме робототехника ұнайды. 11-сыныптан кейін осы кәсіп бойынша Омбы қаласындағы оқу орнына түспек ойым бар.

Жалпы, сайысқа облыстан 100-ге жуық оқушы қатысуға ниет білдіріпті. Олар 11 мамандық бойынша сынға түсті. Байқау соңында жеңімпаздарға арнайы сертификаттар табысталды.

Молдир Шаяхмет