МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съезі өтті

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті 18-ші съезі өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 1200 делегат пен тағы 800-ден астам адам қатысты. Отырыста бас партияның алдағы 10 жылға арналған бағдарламасы таныстырылы. Маңызды құжат 10 бағыттан тұрады. Ол халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Партияның 20 жылдығына орайластырылған съезд барысында сөз сөйлеген Елбасы / партиялықтарды мерейтоймен құттықтап, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Солардың алғашқысы – атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіру. Сондай-ақ, Н.Назарбаев мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар алатын қаржыны 30 пайызға арттыруды тапсырды. Ал аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін оларға 2-3 пайыздық үстемеақымен пәтер беру қарастырылмақ. Сөйтіп, алдағы уақытта 40 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Жолдарды да қалыпқа келтіру жайы айтылды. Бұл мақсатқа 35 млрд теңге қаржы жұмсалмақ. Нәтижесінде 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызы қалыпқа келтіріледі. Мемлекет басшысы ауылдарды дамытуға да көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын құру көзделіп отыр. Президент бастамалары солтүстікқазақстандықтарды қуантпай қоймады. Жерлестеріміз, әсіресе әлеуметтік саладағы оң өзгерістер халықтың табысын арттырып, тұрмысын жақсартуға сеп болады дейді.

Ғафура Бөстекова – қалалық №4 орта мектебінің директоры:

Көпбалалы аналарға көтеріліп отырған көмек мөлшері отбасының материалдық жағдайын жақсартуы тиіс. Біздің мектепте 10 шақты аз қамтылған тбасынан шыққан балалар бар. Жәрдемақы өссе, олар енді ақылы секцияларға бара алады, басқа да іс шараларға қатыса алатын болады. Меніңше, бұл – уақытылы көтеріліп отырған мәселе, беріліп отырған көмек.

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Жасыратыны жоқ, елімізде ақхалаттылар жетіспейді. Мұның басты себептерінің бірі – төмен жалақы. Бұған қарамастан облыстық ауруханада түрлі қосымша төлемдердің көмегімен дәрігерлердің орташа айлығын 300 мың теңгеге дейін жеткіздік. Бүгінгі съезде Президент қойған тапсырмалар отандық денсаулық сақтау саласының жұмысына жаңа серпін береді. 1-ші шілдеден бастап медбикелер мен санитарлардың да еңбекақысы өседі. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етпек.

Саят Ермек