Денсаулық сақтау

Жыл басынан бері 67 солтүстікқазақстандық қызылша дертіне шалдыққан

Жыл басынан бері 67 солтүстікқазақстандық қызылша дертіне шалдыққан. Науқастардың барлығы түрлі себептермен уақытында екпе алмапты. Сондықтан, қазіргі таңда өңірде аталған індетке қарсы иммундау шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы орайда облысқа бүгінге дейін 3 жарым мың доза вакцина жеткізілген.

Біреу құптайды, біреу даттайды. Бүгінде иммундау мәселесі қоғамдық пікірді екіге ажыратты. Қазіргі таңда екпеден бас тартып жатқан ата-аналардың саны көбейген.
Егер ел бойынша статистикаға сүйенсек, олардың 31 проценті діни көзқарастарды ұстанса, 6 проценті бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттегі түрлі жайттарды тілге тиек етеді. Ал қалған басым бөлігі иммундаудың маңызын біле бермейді екен. Ақхалаттылар болса, екпеден жаппай бас тартудың салдарынан кейбір аурулардың қайта күшейіп жатқанын алға тартады. Мәселен, қазіргі таңда қоғам арасында қызылша дерті белең алып келеді. Жұқпалы кеселдің вирусы адам ағзасына тыныс алу жолдары арқылы түсіп, қанмен тез таралады. Одан ми, өкпе және бауыр сынды ағза мүшелеріне зақым келеді. Дәрігерлердің айтуынша, қызылшамен көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар ауырады. Ал екпе алмаған адамдарға бұл дерт екі есе ауыр тиеді екен.

Сүндет Сайдуллаев – 2-ші қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:

– Жедел вирусты респираторлар сияқты басталады. Яғни, дене қызуының жоғарылауы, құрғақ жөтел. Ал келесі кезеңі – қызыл бөртпелер пайда болады.

Десе де, иммундаудың маңызын түсінетін ата-аналар баршылық. Динара Нұралина бүгін емханаға 1 жастағы қызына тиісті екпесін қойдыртуға келіпті. Қызылшаға қарсы вакцина алу үшін олар ең алдымен педиатрға кірді. Бұл жерде дәрігер бүлдіршіннің тамағын қарады, дене температурасы, салмағы мен бойын өлшеді. Осындай бақылауға сәйкес, педиатр екпе қоюға болатынын не болмайтынын айтады. Тексеруден соң, нәзікжанды қызымен бірге егу бөлмесіне өтті.

Динара Нұралина – ата-ана:

– Екпе егу иммунитетті нығайтып, баланың жиі ауруына жол бермейді. Сондықтан, қызымды бүгін вакциналауға әкеліп отырмын. Үлкен балам да кішкентай кезінен бастап иммундаудан өтіп жүр. Сол себепті, әлі күнге дейін қызылшамен ауырған емес.

Бүгінде 2-ші қалалық емханада вакциналау шарасы белсенді жүріп жатыр. Балалар мен ересектер иммундаудан Сәтпаев көшесі, 3 және 19, Васильев, 123 және Интернационал көшесі, 90 мекен жайы бойынша орналасқан емхана бөлімшелерінен өте алады. Екпе егу әр апта сайын сейсенбі және жұма күндері таңғы сағат 8-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі.

Ольга Ионова – 2-ші қалалық емхананың эпидемиологы:

– Жыл басынан бері біздің емханаға қызылшамен ауырып қалған 15 ересек адам мен 8 бала жүгінді. Олардың барлығы уақытында вакциналаудан өтпегендері белгілі болды. Бүгінде емханада тағы қосымша иммундау шаралары жүргізілмекші. Яғни, наурыз айында 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтарға екпе егіледі. Бұның барлығы тегін.

“Сақтықта қорлық жоқ” демекші, аурудың алдын алу үшін вакциналаудан уақытында өту қажет дейді дәрігерлер.

Молдир Шаяхмет