МТРА жаңалықтары

Өткен жылы өңір ормандарында 14 өрт оқиғасы тіркелген

Басты міндет – жасыл желекті қорғау. Өткен жылы облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мамандары 90 тексеріс жүргізіп, 30 рет рейдтік шара ұйымдастырған. Нәтижесінде табиғат заңнамасын бұзудың 165 фактісін анықтапты.

Бүгіндері өңірде 12 орман шаруашылығы және «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің 3 филиалы жұмыс істейді. Мұндағы қызметкерлер 700 тыс гектарға жуық алқапты қызыл жалынан және заңсыз ағаш кесушілерден қорғайды. Бірақ, кейде арам пиғылын іске асыратындар үшін мамандар да кедергі болмайтын көрінеді. Осылайша, өткен жылы жасыл желекті отаудың 52 фактісі тіркелген.

Қайрат Қалықов – СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Ол былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе аз. 2017 жылы 487 текше метр болса, биыл – 147,5 текше метр ағаш. 592 мың залал өндіріліп алынды.

Өткен жылы теріскей тоғайларында от 14 рет тұтаныпты. Салдарынан 34 гектардан астам алқап қызыл жалынға оранған. Табиғатқа келген шығын 1 млн 511 мың теңгеден асады. Өкінішке қарай, тек екі жағдайда ғана кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылған. Кейде орман-тоғайларда өрттің болғандығын орманшылар да уақытылы хабарламайтын көрінеді. Ондай фактілер Қызылжар, Аққайың және Ғ.Мүсірепов аудандарында тіркеліпті. Сол себепті, мұндағы орман сақшылары тәртіптік жаза арқалаған. Көктем келісімен орман-тоғайларда өрт фактілері жиілейді екен. Осы орайда қазір мамандар қауырт маусымға дайындықты пысықтап, бірқатар жұмыстарды қолға алуда. Мәселен, қарамағына 37 мың гектардан астам алқап кіретін «Орлиногорск» орман шаруашылығында өткен жылы бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмепті. Бұл уақытылы жүргізілген шаралардың арқасында дейді мекеме директоры Теміржан Сәкенов.

Теміржан Сәкенов – «Орлиногорск» орман шаруашылығы» КММ директоры, Айыртау ауданы:

– Біздің шаруашылықтың қарамағына 4 ауданның ормандары кіреді. 46 орманшы үлкен алқаптағы жұмысты абыроймен атқаруға тырысады. Өткен жылы өрт оқиғаларының орын алмауына ең біріншіден алдын алу шаралары себеп болды деп ойлаймын. Оның үстіне, мамандар үнемі тексеріс жұмыстарын жүргізіп тұрады. Алда қауырт маусым келе жатыр. Бүгінде оған дайындық қызған. Қазір біз қолда бар техниканы жөндеп, жанар-жағармай қорын әзірлеп жатырмыз.

Инспекция мамандарының айтуынша өрт оқиғалары мен табиғат заңнамасын бұзу фактілері негізінен облыс орталығына жақын жерде орналасқан аудандарда орын алатын көрінеді. Сондай-ақ, бүгіндері орман пайдаланушылар жаңа өскіндерді отырғызу кезінде тиісті ережелерді сақтамайтын көрінеді. Нәтижесінде, егілген ағаштар өспей шіріп кетеді екен.

Магжан Ахмадина