Қоғам

Петропавлдық кәсіпкер мүгедектерге арналған тұрмыстық бұйым шығарады

Петропавлдық кәсіпкер Руслан Смағұлов мүгедектерге арналған тұрмыстық бұйым шығарады. Жерлесіміз әзірлеген құрылғының көмегімен кембағал адамдар түрлі ыдыстардың қақпағын оңай аша алады.

Руслан Смағұлов – мүгедек адамдардың жанашыры. Ол кембағал жандар үшін асүйлік құрылғы ойнап тапты. Бүгін сол бұйымды “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне таныстырып жатыр.

Бұйым қарапайым ағаштан жасалған. Оның ортасына шыны құты, күбі немесе консерві қойылады. Міне, сол дөңгелек дүниені адам құрылғының бір жағын денесімен итеру арқылы тіреп тұруы шарт. Осы сәтте ыдыстың қақпағын бұраса оңай ашылады. Жергілікті кәсіпкердің туындысын 1-ші топтағы мүгедек Алла Колчанова байқап көрді. Ерекше зат нәзікжандының көңілінен шыққан сыңайлы.

Алла Колчанова – 1-ші топтағы мүгедек:

–  Құрылғы өте ыңғайлы. Әсіресе, бір қолы жарақаттанған немесе қолы жоқ жандарға қажетті дүние. Мына шетін итеріп тұрады екенсің. Кейін, оны босатпай тұрып, ыдыстың қақпағын бұрасаң аузың оңай ашасың. Менің көңілімнен шықты.

Алла Колчанова айтып отырған сөздердің жаны бар. Руслан Смағұлов құрылғыны қолы жарақаттанған немесе қолы жоқ азаматтар үшін жасапты.

Руслан Смағұлов – «My Golden Way» ЖШС директоры:

–  Менің бір қолы жоқ көршім болды. Ол үнемі маған ыдыстың қақпағын ашып берші деп келетін. Сол кезде оған көмектесіп тұрдым. Күндердің-күнінде маған неге мұндай жандарға қол ұшын бермеске деген ой келді. Кейін, осындай құрылғы жасадым. Мұндай заттар шетелдерде бар. Бірақ, Қазақстанда мен оны бірінші болып әзірледім.

Мүгедектерге арналған құрылғылар мына залда жасалады. Оларды 2 маман әзірлейді. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда теріскейлік шеберлер шығаратын тауарға еліміздің өзге аймақтарынан сұраныс бар. Мәселен, Руслан өткен жылдың қазан айынан бері Қазақстанның бірнеше қаласына 220 дана бұйым сатыпты. Кәсіпкер болашақта өндіріс ауқымын кеңейтпек. Жерлесіміз келешекте кембағал жандарға жейде киюге, кілтті ұстап есік ашуға арналған дүниелерді де дайындамақшы.

Молдир Шаяхмет