Спорт

Петропавлда теннистен халықаралық ITF Junior Championship турнирі өтуде

Облыс орталығында Халықаралық теннис федерациясының жасөспірімдер арасындағы чемпионаты жалауын желбіретті. Біріншілікке Қазақстаннан өзге он шақты елден келген спортшылар қатысуда.

Саят Ермек – тілші:

– 4 бірдей корт, бәріне “хард” жабындысы төселген. Ақпарат үшін, мұндай жабынды төртқұрлық додасы – Олимпиада ойындарында пайдаланылады. Бір сөзбен айтқанда, шаһардағы Теннис орталығының халықаралық дәрежедегі турнирлерді қабылдау мүмкіндігі бар. Петропавл бұл мүмкіндікті барынша пайдалануда.

Жұмысын жуырда ғана бастаған орталық бүгінде Халықаралық теннис федерациясының жасөспірімдер арасындағы біріншілігін қабылдап отыр. Турнирдің ресми атауы – ITF Junior Championship. Деңгей жоғары. Өйткені, чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті АҚШ теннисшілері қатысуда.

Юрий Польский – Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры:

– Бұдан бөлек Украина, Қырғызстан және Беларусь елдерінен де спортшылар келді. Қатысушылар – 14 және 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Барлығы 128 теннисші бақ сынасуда. Олар жекелей және жұптық сында бәсекеге түседі.

Осыдан бірер күн бұрын іріктеу кезеңі өтті. Оны сәтті өткерген спортшылар қазір жүлделер үшін таласуда. Жарыс наурыздың 2-сі қорытындыланады. Жас теннисшілердің халықаралық додасына еліміздің жастар құрамасы толық құрамда келген. Әзірге, ұл-қыздардың нәтижелері жаман емес, бірақ бәскелестік мықты дейді.

Жанель Рустемова – теннистен ҚР жастар құрамасының мүшесі:

– Бұл турнирге 7-ші рет қатысып отырмын. Алғашқы рет іріктеу кезеңінен сәтті өттім. Шетелдік қарсыластарым өте мықты ойнайды. Әрқайсысының өз стилі бар. Әсіресе, ресейлік қыздардың деңгейлері бізден біртабан жоғары. Жеңіске жету оңай болмайды, бірақ барынша тырысудамын.

ITF Junior Championship турнирінің бізде өтуі – бұл жергілікті жас теннисшілер үшін үлкен мүмкіндік дейді өңір басшылығы. Орталық ашылғалы бері Петропавлда бұл спорт түрі қарқынды дами бастады. Сондықтан, жасөспірімдер мұндай жарыстарды бақылап қана қоймай, қатыса отыра тәжірибе жинақтайды.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Жастар арасындағы майталман спортшылар келіп отыр. Олар теннис турниріне қатысудан басқа, біздің жастармен кездесіп, шеберлік сыныптарын өткізіп, оларды үйрететін болады.

Бұл – Петропавлда өткізіліп жатқан алғашқы халықаралық теннис додасы. Бірақ, соңғысы емес. Себебі, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында жақсартылған шаһар инфрақұрылымы өңірде бұдан да жоғары жарыстарды өткізуге жол ашып отыр.

Саят Ермек