МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Семей полигонының зардабын жоюға қатысқан азаматтардың проблемасы облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды. Жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген бұл жандардың 100-ге жуығының тек 25-і ғана жәрдемақы алып жүр.

2016 жылы құрылған «СҚО Семей полигоны» қоғамдық бірлестігінің құрамына бүгіндері 142 азамат кіреді. Оның 98-і сынақ жүргізілген жерде әскерде болған. Қазіргі таңда мемлекеттен берілетін жәрдемақыны бұл жандардың тек 25-і ғана алады екен.

Асхат Төлепбергенов – «СҚО Семей полигоны» ҚБ төрағасы:

–  Біздер Семей полигонының зардабын жоюға қатысқан өңір азаматтарының құжаттарын реттеу үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырдық. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Мен өзім 4 жыл дегенде оған әзер қол жеткіздім. Ядролық сынақ алаңының нақ ортасында жүрген жандардың бірқатары көз жұмған. Енді қалғандарына жағдай жасауға мүмкіншілік бар шығар? Қолыңда құжат болмаған соң ешбір жеңілдік көрсетілмейді. Тіпті, қалалық автобустарда тегін жүруге 10-ақ билет беріледі.

“Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын” демекші, жергілікті қорғаныс департаменті мамандарынан Асхат Төлепбергеновтың көңілі қалғаны қашан. Өйткені, мұндағылар Семей полигонының зардабын жоюға қатысқан 70-тен астам адамның құжатын қалыпқа келтіру бойынша мардымды жұмыс жүргізбеген. Бірақ, бұған қатысты қорғаныс департаменті қызметкерлерінің айтар өз уәжі бар.

Дәулет Толыбай – СҚО бойынша қорғаныс департаменті бастығының орынбасары:

– Оларың көбі әскери есептен алынып тасталған. Сондықтан, қандай да бір жайтты анықтау мүмкін бомай отыр. Бұдан бөлек, бұл азаматтар жеке-жеке өтініш беруі тиіс еді. Және кім оларды әскерге шақыртты, қай әскери бөлімде қызмет етті деген сияқты мәліметтерді анкетаға жазып толтыруы тиіс. Онсыз біз өтініштерді қабылдай алмаймыз. Осылай жасағанның өзінде, құжаттарды ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Өйткені, олар министрлікке, кейін одан ары қарай жөнелтіледі.

Мұндай жауап қоғамдық кеңес өкілдерінің көңілінен шықпады. Өйткені, қорғаныс департаментінің мамандары бұл азаматтарға құжаттарды рәсімдеу ретін дұрыстап түсіндіру керек еді.

Қайырлы Едіресов – облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

–  Қорғаныс департаментінің мамандары кеңеске ай сайын келіп, қандай іс тындырғандары туралы есеп беріп отырулары тиіс. Егер қолдау қажет болса, мәслихат, тіпті мәжілістегі депутаттарға шығып, көмек сұрауға мүмкіндік бар. Ал әзірге, ауылдық, аудандық әкімдіктермен жұмыс істеп, Семей полигонында болған жандарды анықтап, құжаттарын реттеуге жағдай жасау қажет. Сосын олардың өтініштері бойынша ары қарай тиісті жұмыс жүргізетін боламыз.

Бұл мәселенің шешілуін қоғамдық кеңес өкілдері өз бақылауына алмақ.

Мағжан Ахмадина