Мәдениет

Ұлы даланың ұлы есімдері

Ұлы даланың ұлы есімдері. Облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы “Қыран даласы” атты кинокөрсетілім ұйымдастырды. Шара жерлес жазушы, әдебиет майталманы С.Мұқановқа арналған. Мамандар  оқушылар мен қоғам қайраткерлерінің назарына шығармашыл тұлғаға арналған деректі фильм мен “Ботагөз” киносын ұсынды.

С.Мұқанов жастайынан оқуға зерек, білімге құштар, еңбекқор болып өскен. Кешегі жетім қазақ баласы бүгінде барша жұртшылыққа әдебиет классигі, халық жазушысы, ақын, драматург ретінде танымал. Өнер иесінен жас ұрпаққа жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман және көптеген әңгіме, очерктер қалды. Қазір оның құрметіне елді мекен, мәдениет ошақтары мен көшелер аталып, фильмдер түсірілуде.

Бұл туындының авторы – деректі киноның ақсақалы атанған Орал Жүнісов. Режиссердің 2002 жылы жарыққа шыққан фильмі жерлес әдебиет майталманы С.Мұқановқа арналған. Мұнда жазушының өмірі, шығармашылыққа басқан қадамы мен қоғам қайраткері ретінде ұстанған позициясы баяндалады.

Әсемгүл Малибаева – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша орталығының бөлім басшысы:

–  Бүгін бізде бірінші көрсетілім. Себебі, орталық өткен жылдың желтоқсан айында ашылды. Бүгін көрерменге С.Мұқанов туралы деректі фильм және оның шығармасына негізделген «Ботагөз» киносын ұсынамыз.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығында енді мұндай шаралар жиі өткізілетін болады. Жақын арада мамандар дәл осындай көрсетілімді Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсіреповке арнамақ ниетте. Қазір кино қорынан тау тұлғалар туралы түсірілген фильмдер іздестірілуде. Ерекшілігі сол – ондаған жыл бұрын пластинаға жазылған туындылар сол күйі көрсетіледі. Сондықтан, залдағы атмосфера – жиырмасыншы ғасырдағыдай.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бұл – Кеңес заманынан қалған кинопроектор. Кезінде дәл осы құрылғы арқылы жүздеген фильм көрермен назарына ұсынылған. Ал, бүгінде бұл – нағыз көне жәдігер. Онымен жұмыс істеуді барлығы бірдей біле бермейді. Мұндағы іс бір батырманы басумен бітпейді. Алдымен пленканы аппаратқа орналастыру қажет.

Облыстық кино қорының тарихы 80 жыл бұрын бастау алған. Сол уақытта мұнда ең алғашқы фильмді әкелген екен. 1938 жылы түсірілген «Амангелді» қазір өзге де 4 мың туындымен осы жерде сақтаулы тұр. Олардың әрбіреуінің кино әлемінен алар орны ерек. Сондықтан, құнды жәдігерлердің күтімі ерекше. Мұндағы ауа температурасы 10 градустан аспауы қажет. Сондай-ақ, пленкаға жазылған туындыларды тек 300 мәрте көру мүмкіндігі бар. Кейін, оның сапасы нашарлайды екен.

Эльмира Сәдуақасова