Білім

Қазақстандық бүлдіршіндер 1-ші сыныпқа 6 жастан қабылданады

Жыл басында елімізде балаларды 1-ші сыныпқа 6 жастан қабылдау туралы заң күшіне енді. Бірақ, алдымен әр бүлдіршін білім ошағы немесе балабақша қабырғасында мектепалды даярлық сыныбына баруға міндетті. Яғни, бала 5 жастан оқу бағдарламасын меңгере бастайды.

Саят Ермек – тілші:

– Бүлдіршіндер мектеп табалдырығын 5 жасында аттауы тиіс. Бұл жаңалық қазақстандық ата-аналарды дүрліктірмей қоймады. Олардың дені 5 жасар балақай партада отыруға моральдық және психологиялық тұрғыда дайын болмайды деп байбалаң салуда. Бірақ, білім беру саласы мамандарының сөзінше, қорқудың еш қажеті жоқ.

Себебі, білім берудің жаңартылған жүйесі 12 жылға шақталған. Сондықтан, 12-ші сыныптың орнын енді мектепалды даярлық топтары, қарапайым тілмен айтқанда 0-ші сыныптар басатын болады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бұрынғы кезде дәстүрлі түрде сабақ бергенде оқушылар 7 жастан мектепке баратын болса, қазіргі таңда олар 6 жастан баруы тиіс. Сондықтан, мектепке дейінгі даярлық барлық оқушылар үшін міндетті болып табылады. Оны мектеп қабырғасында 5 жастан өтуге болады.

Айта кеткен жөн, енді 5 жастағылар 0-ші сынып бағдарламасын балабақшада да меңгерсе болады. Бірақ, кейін олар мектепте оны қайта өте алмайды, яғни бірден 1-ші сыныпқа барулары тиіс.
Бес жасар Даниал Едіге қазір балабақшаға барып жүр. Ол 2019 жылдың соңғы күнінде 6-ға толады екен. Анасы Әсем ұлын биылдан қалдырмай мектепке жіберуге ниетті.

Әсем Нұрмұхаметова – Даниалдың анасы:

– Қыркүйекте ұлымды мектептегі даярлық топқа бермекшімін. Биыл ол 1-ші сыныпқа дайын емес. Оқу-жазуды ол дұрыс білмейді, әрқашан ойнағысы келіп тұрады. 2020 жылдың 1-қыркүйегінде 1-сыныпқа беруді жоспарлап отырмын. Ол кезде ол 6 жас 9 айға толады.

Яғни, балаларды 6 жастан мектепке қабылдау туралы заң жыл басынан күшіне енсе де таңдау құқығынан ата-аналар айырылған жоқ. Егер де 1-ші қыркүйекке дейін балақай 6 жасқа толмаса, онда перзентін білім ошағына жіберу-жібермеу – ата-ананың өз қалауы. Ал бүлдіршін 6 жасында орта білім алуға дайын болмаса, 7-ге толғанша үйде отыруына болады. Психолог мамандар мұнымен келіседі. Сөздерінше, бала бұл жаста мектепке баруы тиіс деп кесіп айтуға болмайды.

Наталья Крылова – педагог-психолог:

– Әр баланың даму деңгейі мен мінезі әр алуан ғой. Сондықтан, оның мектепке даярлығын анықтайтын арнайы психологиялық және педагогикалық сынақтар бар. Қажет болғанда ата-анаға бұл тестілер көмекке келе алады. Оны арнайы білімі бар маман ғана өткізуі тиіс, яғни өз бетінше ғаламтордан іздеудің қажеті жоқ.

Мамандар баланы білім ошағына берерде асығыстық танытпау қажеттігін ерекше ескертеді. Себебі, ойынға әуес перзентіңізді тым ерте мектепке апарсаңыз, ол зер салып, зейін танытып 40 минут бойы партада отыра алмайды. Сондай-ақ, психологтар 6 және 7 жасар балаларды 2 сыныпқа бөліп оқыту қажеттігін алға тартуда. Өйткені, даму деңгейі әр түрлі балғындармен бір топта жұмыс істеу ең алдымен, педагог үшін қиынға соғады.

Саят Ермек