ТЖ

Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері профилактикалық рейд өткізді

Петропалдық өрт сөндірушілер апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық рейд өткізді. 121 адамнан жасақталған ұжым топ-топқа бөлініп, қала тұрғындарының үйлерін аралады. “Қызыл ай” қоғамдық қоры да бұл істен шет қалған жоқ. Олар көпбалалы отбасыларға азық-түлік пен киім-кешек таратты.

Сап түзеген мамандар апаттық жағдай жиі орын алатын аумақтарда тексеріс жұмыстарын жүргізбекші. Командирдің бұйрығын алған қызметкерлер өздеріне жүктелген міндетті орындауға кірісті. Төтенше жағдайлар басқармасы осындай шараларды әр аптаның демалыс күндерінде ұйымдастырып тұрады екен.

Әзімхан Мерғасымов – Петропал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

– Көбінесе көпбалалы отбасылардың үйлерін тексеріп жатырмыз. Бұл шараны осы жолы “Қызыл ай” қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Мәселен, қайырымдылық ұйымының өкілдері көмекке мұқтаж жандарды қажетті дүниелермен қамтамасыз етсе, біз оларға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеміз. Пештің мұржасын 3 ай сайын тазалап тұру керектігін айтудамыз.

Татьяна Пикустың үйі – апаттық жағдайдағы баспаналардың бірі. Себебі, балшықтан соғылған үйінің төбесі үгітіліп, құлауға жақын тұр. 7 баланың анасы басқа пәтер алуға қаражатым жетпей отыр дейді. Кіреберісте орналасқан пешінің өзі балалардың өміріне қауіп төндіреді. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары Татьянаға отты тұтатудағы сақтық ережелерін түсіндірді. Ал “Қызыл ай” қоғамдық қорының өкілдері азын-аулақ азық-түлік пен киім-кешек берді.

Татьяна Пикус – көпбалалы анна:

– Бұрынғы тұрған жатақханымызды сатып, ақшасына осы үйді алдық. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Уақыт өте келе баспананың төбесі төмендей түсті. Сыртынан қарасаңыздар, үйдің жерге кіріп бара жатқанын байқауға болады. Пәтер алу үшін кезекке тұрғанмын, ол жерде маған әлі 8 жыл күту керектігін айтты.

Ал бұл үйде Залезецкилер отбасысы тұрады. Егде жасқа кеп қалған ерлі-зайыптылардың пеш жағатын орны үй бөлмелерінен бөлек орналасқан. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері пеш маңындағы жанғыш материалдардың шашылып жатқанын көріп қатаң ескерту жасады. Маманның берген жадынамасын алған үй иесі бұдан былай жіберген қателігін қайталамайтынын айтты.

Наталья Залезецкая – қала тұрғыны:

– Жұбайым пештің мұржасын жыл сайын тазалап тұрады. Маманның жасаған ескертулерін қаперде ұстайтын боламыз.

Рейд кезінде 121 маман барлығы – 2 мыңға жуық үйді аралады. Келесі аптада тексеріс жұмыстарын қаралмаған аумақтарда жүргізуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 110 өрт оқиғасы орын алып, 8 адам қаза тапқан.