Спорт

Шал ақын ауданы “Солтүстік-2019” қысқы спорт мерекесін қабылдады

Демалыс күндері / өңірдің әуесқой спортшылары жыл бойы асыға күткен дәстүрлі “Солтүстік-2019” спартакиадасы өтті. Бұл жолы облыстық қысқы спорт мерекесі Шал ақын ауданында жалауын желбіретті. Теріскейліктер үш күн бойы шорт-трек, шаңғы спорты, шайбалы хоккей және футзалдан сынға түскен болатын.

Аудандар арасындағы бәсеке спартакиада ашылмас бұрын басталды. Спортшылардың ғана емес, атқамінерлердің де арасында. Сол себепті, жұманың кешінде 13 аудан әкімі шаңғыға тұрып, өзара бақ сынасты. 1 шақырымдық қашықтықты Уәлиханов ауданының жетекшісі Медет Оспанов өзгелерінен ширақ өткерді. Осылайша, мәре сызығын алғашқы болып кесіп, ең шымыр басшы атанды.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Бұл жерде жастық категория бар. Әр әкім бөлек спорт түрлерімен айналысады. Біреуі волейбол болса, біреуі футболмен. Мен болсам шаңғымен айналысамын. Сондықтан жеңіске жетіп отырмын. Елбасымыз бұқаралық спортпен айналысу міндетін қойды. Өзіміздің денсаулығымыз үшін салауатты өмір салтын сақтаймыз. Қыста шаңғы тебемін. Соған байланысты бүгінгі нәтижем жаман емес.

Саят Ермек – тілші:

– Спорт – ол өмір, ол – мықты денсаулық кепілі. Сондықтан, мұндай дәстүрлі халық ойындары бұқараны салауатты өмір салтына тартуға бағытталған. Биылғы “Солтүстік-2019” қысқы спорт мерекесін шалқар шабыт Шал ақын өлкесі қабылдап отыр. Сондықтан, аудан орталығы Сергеевка қаласында теріскейдің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық әуесқой спортшы бас қосты.

Міне, осылайша өңір басшысының атынан орынбасары Антон Федяев спартакиадаға салтанатты түрде бастау берді. Ауыл спортшыларын біріктірген бәсекенің шымылдығын дәстүрлі атлеттер шеруі ашты. Бәрі төрт құрлық додасы – Олимпиада принциптері бойынша. Делегациялар тізбегін айыртаулық саңлақтар бастап, жарыс қожайындары – Шал ақын құрамасы тәмамдады.

Бұдан соң ойындардың жалауы көтерілді, кейін алауы жағылды. Бұл жауапты міндет жүктелген спортшы – Шал ақынның беткеұстар хоккейшісі Владислав Цубикс. “Солтүстік” мерекесінің ашылуы – өңірдің спортсүйер азматтары ғана емес, қатардағы ауыл жұртшылығы үшін де үлкен мереке. Оларға арналып кеште ән шырқалды, фаер шоу мен әсерлі отшашу ұйымдастырылды.

Сенбілік таң – жарыстың екінші күні. Негізі спартакиада 4 спорт түрін қамтиды. Қазір шағын айдында шорт-трекші арулар 1 шақырымдық дистанцияны еңсеруде. Бәсекелестік жоғары, себебі қатысушы бұрымдылардың саны 70-тен асып жығылады. Дегенмен, спортшылардың бәрі бірауыздан мұздың сапасына шағымданды.

Ал шаңғы трассасы керісінше, жақсы әзірленген. Мұны сөреден ұзап бара жатқан жігіттердің жылдамдығынан-ақ байқауға болады. Жекелей сындар бір күн бұрын аяқталды, ал қазір ерлер топтық спринтте бақ сынасып жатыр. Ереже бойынша 1200 метрлік қашықтықты екі спортшы кезек-кезек еңсеріп, бір-біріне эстафета табыстаулары тиіс. Барлығы – 6 айналым. Шыны керек, ауылда тұрып, еңбек ететін қарапайым жігіттердің дайындық деңгейі таңдай қақтырады. Соңғы айналымға дейін қай команданың топ жаратынын анықтау мүмкін болмады. Нәтижесінде Аққайың ауданының жұбы қарсыластарын шаң қаптырып, топ жарды. Әйелдер арасында да аққайыңдық қыздардың бағы шапты. Бұл белгілі. Өйткені, командалық спринт жұбының құрамында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсем Назырова болды. Ол сенбі күні кешке ел намысын Краснояр қаласындағы бүкіләлемдік универсиадада қорғауға аттанды. Бірақ, алдымен Шал ақын ауданына келіп, өнер көрсетуді шешкен.

Әсем Назырова – шаңғышы, Аққайың ауданы:

– Өзімнің туған ауданымның намысын қорғауға уақыт болды. Бұл мен өнер көрсетіп жүрген деңгейдегі дода емес екендігін түсінемін. Бірақ, болашақта спартакиададағы бәсекелестік арта түссе деген тілек бар. Трасса жақсы дайындалған, бірақ біркелкі. Дөңдер мен құламалар жетіспейді.

Ал бұл – Жаңажол ауылындағы спорт кешені. Мұнда футзалдан іріктеу жарыстары өтіп жатыр. Матчтардың қорытындысы бойынша өзге аудандарды тізе бүктіріп, ақтық финалға Тайынша мен Айыртау футболшылары өтті. Жеңімпаз құрама жарыстың үшінші күнінде анықталды. Жабылу салтанатының алдында шайбалы хоккейден де финалдық ойындар өтті. Қола жүлде үшін болған тартыста Аққайың ауданына жарыс қожайындары – шалақындықтар қарсы тұрған еді. Бірақ, айдын иелері 8:4 есебімен есе жіберіп, үшінші орыннан айрылып қалды. Ал финалда “Солтүстік” спартакиадасының алтынын Қызылжар мен Ғ.Мүсірепов аудандарының құрамалары сарапқа салды. Матч қорытындысы бойынша жеңімпаз – қызылжарлықтар.

Станислав Величкин – шайбалы хоккейден Қызылжар аудандық құрамасының капитаны:

– Көңіл күй керемет. Алтын жүлдені иеленгенімізге қуаныштымыз. Команда құрамында егде жастағы азаматтар көп. Менің ойымша, спорт жасқа қарамауы тиіс. Жас бол, кәрі бол салауатты өмір салтын ұстану қажет. Біздің жеңісіміз – бұған айқын дәлел.

Енді “Солтүстік-2019” қысқы спорт мерекесін қорытындылар шақ келіп жетті. Үш күндік спартакиаданың жабылу салтанатында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан аудандар марапаттарын алды. Жалпыкомандалық есепте жүлделі үшінші орын мен 100 мың теңгенің сыйақысы Тайыншаға бұйырса, күміс пен 200 мың теңгені қанжығаға шалақындықтар байлады. Ал жеңімпаз осымен үшінші жыл өзгеріссіз қалып отыр. Алтын жүлде – Ғ.Мүсірепов ауданының еншісінде. Оларға 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Саят Ермек – тілші:

– Ал жеке спорт түрлері бойынша нәтижелер мынадай: шайбалы хоккейден Қызылжар ауданы құрамасының топ жарғаны жоғарыда айтылды, ал шорт-тректен мүсіреповтіктерге тең келер ешкім болмады. Шаңғы спортынан шалақындықтар үздік шықса, футзалдан тайыншалықтар барлық қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Айта кеткен жөн, “Солтүстік-2020” қысқы спорт мерекесін Тимирязев ауданы қабылдайтын болады.

Саят Ермек