МТРА жаңалықтары

Петропавлда контрафактілік тауарлар жойылды

Бүгін шаһарда заңсыз саудадан тәркіленіп алынған 30 мың шөлмек алкоголь өнімі жойылды. Бұл контрафактілік тауарлардың тиісті құжаттары мен акциздік маркалары болмай шыққан. Ал кей ішімдіктің, тіпті жарамдылық мерзімі өтіп кетсе керек.

Бұл жерде шамамен 30 мың шөлмек сыра бар. Жұмысшылар оларды бірінен соң бірін еппен төгіп жатыр. Себебі, бұл алкогольдік ішімдіктердің барлығы өңір бойынша сауда орындарына жеткізілмей-ақ, түрлі себептермен тәркіленген.

Саят Ермек – тілші:

– Мәселен, бұл бір қорап сыраның тиісті құжаттары да жоқ, екіншіден, жарамдылық мерзімі де өтіп кеткен. Мұндай өнім асқазан үшін аса қауіпті. Яғни, бұл сыра толы шөлмектер дүкен сөрелеріне түссе, оны ішкен адам ауруханадан бір-ақ шығатын еді. Енді бұл ішімдіктің орны – кәрізде.

Контрафактілік тауарлардың тізімі сырамен ғана шектелмейді. Алаңға заңсыз тауар тиелген тағы бір фура кіріп келеді. Мұнда көлеңкелі жолмен саудаланбақ болған арақ пен жүзім шарабы бар. Тексеріс барысында олардың акциздік маркалары болмай шыққан. Алкогольдік өнімнің тағдыры белгілі – заңға сәйкес заңсыз тауар соңғы тамшысына дейін жойылуы шарт.

Далабай Қабдуалиев – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

Бүгінгі күнде 30 мың 292 шөлмек алкогольдік өнімдерді жою бойынша шешім қабылданды. Оның 28 мыңы – сыра өнімдері, ал қалғаны – пластикалық шөлмектерге құйылған ішімдік. ҚР аумағында пластикалық құтыларда сыра және басқа да алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынған.

Маңыздысы, кәрізге ағызылған арақ-шараптың бос шөлмектері, қораптар мен полиэтилен қаптамалар қоқысқа тасталмай, қайта өңделеді. Қалдықтарды кәдеге жарату ісімен “Вторсырье” серіктестігі айналыспақ.

Саят Ермек