Спорт

Петропавлда футзалдан әкелер турнирі өтті

Демалыс күндері А.Винокуров спорт сарайында футзалдан әкелер турнирі өтті. Жарысқа отағасыларынан құралған 5 команда қатысты. Жеңімпаз атанған ұжымға “Батылдық кубогі” табысталды.

Ойын алаңында – “Ярче” құрамасы мен “Кока-Кола” командасы. Қос тарап та жеңістен дәмелі. Екі жақ бір-бірінің қақпасын торуылдап, допты бірінен соң бірін соққылауда. Ақыры “Ярче” құрамасының бағы жанып 3:1 есебімен басымдық танытты. Асыл Сыдыхан – әкелер турниріне қатысуға ниет білдіргендердің бірі. Оған бүгін 7 жасар ұлы Әрсен жанкүйер болып келіпті. Салауатты өмір салтын ұстанатын Асыл баласын да спортқа баулуда екен.

Асыл Сыдыхан – жарысқа қатысушы:

– Осы “Юниор” клубына Арсен балам келіп қатысып, ойнайды. Осы орайда бізді де шақырып, осындай шара ұйымдастырып, соған қатысып отырмыз. Біздің командамыздың аты – “Ярче”. Бірінші ойынымызды өткіздік. Жеңіске жеттік.

Бүгінгі турнирге бірі немересін, енді бірі жиендерін ерте келіпті. Жанкүйерлерге де сыйлықтар дайын тұр. Спорттық жарысқа жиналған отағасылар бабы мен бағы қатар жүретін сайыста, жеңіс пен жеңілістің болары сөзсіз дейді.

Санат Әубәкіров – жарысқа қатысушы: 

– Бүгін осы турнирға мен жиеніммен келдім. Ол мені осы спортпен айналысуға шақырған соң, бүгін жарысқа келіп отырмыз.

Сондай-ақ, осы күні кішкентай балақайлар да назардан тыс қалмады. Олар үшін арнайы конкурстар мен әр түрлі ойындар ұйымдастырылды.
Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шараға 5 команда қатысуға ниет білдіріпті. Әр ұжымның өз атауы мен эмблемасы бар. “Әкеге қарап ұл өседі” демекші ұйымдастырушылардың айтуынша осындай отбасылық сайыстар балаға спортты серік етулеріне үлкен септігін тигізеді дейді.

Евгений Кущ – “Юниор” ФК мектебінің жетекшісі:

– Осындай іс-шаралардың арқасында көптеген отбасылар спорпен шұғылдануға мүмкіндік алады. Біздің мектепте 3 пен 12 жас аралығындағы балалар жаттығады. Сондай-ақ, олар көптеген жарыстарға қатысып, жиі жүлдемен оралады. Мәселен, қазір біз жаз мезгілінде балалар арасында өтетін лигаға дайындық үстіндеміз.

Сайыс қорытындысы бойынша жүзден жүйрік атанғандарға түрлі сый-сыяпаттар үлестіріліп, батылдық кубогі табыс етілді.