Денсаулық сақтау

Өңірде жанұялық медициналық орталықтар ашылады

Медициналық орталықтардың арасындағы қашықтық 15 минутты құрауы қажет. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тастаған ұсынысы. Осыған орай биыл қаламызда 3 бірдей жанұялық емдеу мекемесін ашу жоспарланған. Бұл туралы өлкенің бас дәрігері Тимур Сұлтанғазиев өңірлік коммуникациялар брифингінде сөз етті.

2020 жылы қазақстандықтар толығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшпек. Жаңашылдық 10 айдан кейін енгізіледі. Сондықтан, мамандар уақыт барында тұрғындарға статустарын тексеру керектігін айтып жатыр. Яғни, келесі жылдың 1-қаңтарына дейін тиісті төлем жасамаған азаматтар медициналық көмектің бірқатарына қолжеткізе алмауы мүмкін. Жалпы, бүгінгі таңда жүйеге 580 мың адам тіркелген. Олардың 370 мыңдайы үшін қорға мемлекет қаржы аударады. Яғни, бұл – балалар, жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері, мүгедектер, зейнеткерлер мен «Күміс» және «Алтын» алқа иегерлері.

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Биыл өңір бойынша медициналық қызметтер көрсететін 51 ұйым бар. Олардың 22-сі – жеке компаниялар. Біз мекемелермен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 79 келісім шарт жасастық. Оның жалпы құны 30 млрд теңгеден асады. Осыған орай, теріскейліктерге 17 медициналық мекемеде тегін амбулаториялық-емханалық және бірінші медициналық-санитариялық көмек көрсетіледі.

Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты қызу дайындық жүргізілуде. Тиісті жұмыстарға қаржы да бөлініп жатыр. Алайда, мәселе – ұйымдар мен ақхалаттылардың жетіспеушілігінде. Проблеманы облыс деңгейінде аймақ басшысы да бір емес, бірнеше рет көтерген болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша мекемелер қашықтықтығы әр 15 минуттық жерде орналасуы қажет. Өңірдің бас дәрігері Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұл ретте тиісті шаруа атқарылуда. Қалада өткен жылы 2 жанұялық медициналық орталық ашылған еді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

–  Осы жылдың өзінде 3 жанұялық медициналық орталық ашылатын болады. Ол 3 емхананың жанынан халық игіліне тапсырылады.

Ал, ақхалаттылардың тапшылығын жою үшін облыстық бюджеттен әр маманға 1,5 млн теңге бөлінбек. Алайда, көмек тек аудандардағы емдеу мекемелеріне жұмысқа тұрамын деген мамандарға көрсетіледі.

Эльмира Садвокасова