МТРА жаңалықтары

Қылмыстық іске қатысты қаралым жалғасып жатыр

Петропавлда атышулы қылмыстық іске қатысты қаралым жалғасып жатыр. Бүгін СҚО сотында өткен жылдың қазан айында бас бостандықтарынан айрылған қалалық әкімдіктің экс-қызметкерлеріне қарасты апелляциялық тыңдалым өтті. Жиында Жанар Есетова мен Медет Сағдидің қорғаушысы сөз сөйлеп, айыпталушылардың кінәсіз екендігін мәлімдеді.

Өткен жылдың күзінде Петропавлда елді дүрліктерген оқиға орын алды. Еске түсіре кетейік, қазанның 12-сі күні қалалық әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің 4 бірдей қызметкері сотталды. Экс-шенеуніктер Жас өркен ықшам ауданындағы сүрілген үйлердің иелерін алдап, ғимараттарды өздерінің меншіктеріне өткізген. Кейін, сол баспаналарды жайлы пәтерлерге алмастырып алғандықтары үшін бас бостандықтарынан айырылды. Бірақ, олар мұнымен келіспей, істі сотта қайта қарауды өтініпті. Міне, бүгін 3-апелляциялық тыңдалым өтіп жатыр. Онда Жанар Есетова мен Медет Сағдидің қорғаушысы Әлия Ілкенова сөз сөйледі. Азаматша айыпталушыларға қатысты істің заңсыз түрде жүргізілгендігін алға тартты.

Әлия Ілкенова – адвокат: 

– Айыпталушыларға қатысты қылмыстық істі прокуратура қызметкерлері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті өкілдеріне қолма-қол өткізген. Заң бойынша олар құжаттарды кеңсе арқылы жіберулері тиіс еді. Кейін, соңғы аталған органның басшысы қағаздармен танысып, қол қоюы міндетті. Содан соң барып қана тергеуші өзінің жұмысына кіріседі. Ал, бұл жерде мұндай жағдай орын алмаған.

Әлия Ілкенова сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде орын алған басқа да заңбұзушылықтарды жіпке тізді. Оның сөзінше айыпталушыларға қатысты бірқатар эпизодтарды экономикалық тергеу қызметінің өкілдері тексеруі керек екен. Бірақ, олармен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің өкілдері айналысыпты. Тағы, апелляциялық тыңдалымда / сотталушы Медет Сағдиге де сөз берілді. Бұрынғы шенеунік өз ойын онлайн байланыс арқылы жеткізді.

– Ешкім алаяқтық оқиғасы жайлы арыз жазбады. Тұрғындардың барлығы заңды түрде өтемақы алды. Яғни, барлық іс қос тараптың келісімі арқылы жүргізілді. Біз ешкімді алдап-арбаған жоқпыз. Мұның бәрі сотта дәлелденді. Сондықтан, бізді босатуды сұраймыз.

Сотталушылар өз жүздерін камераға түсірмеуді сұрады. Сол себепті судья экранның арғы бетіндегі жандарды көрсетуге рұқсат бермеді. Негізі, 4 экс-шенеунікке қатысты сот үкімі әлі толықтай күшіне енген жоқ. Сондықтан, олар қазіргі таңда тергеу изоляторында отыр. Тыңдалымға Жанар Есетова мен Медет Сағдидің аналары да қатысты. Олар балаларының кінәсіз екендіктерін айтып, босатуды сұрады. Ал, қалалық әкімдік тарабы бұған келіспейді.

Карина Жүнісова – Петропавл қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің бас маманы:

– Біз айыптаушы – прокуратура тарабын қолдаймыз. Себебі, бұл істе қалалық әкімдік зардап шекті. Сондықтан, сотталушылар мен олардың қорғаушыларының сұрауын орындамауды сұраймыз.

Айта кетейік, СҚО сотында заң бұзды деп айыпталған төртеуге қатысты апелляциялық тыңдалым әлі де жалғаспақ. Енді, келесі отырыс наурыздың 4-і күні өтеді. Онда айыпталушылардан жолданған өтініштер қаралатын болады.

Байболат Бектемірұлы