Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әріптестік аясы кеңеюде

Машинажасау, фармацевтика, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу мен аэроғарыш. Бұл – «Қаржы мен өнеркәсіп кәсіпорындарының бірлескен паркінің» негізгі салалары. Жобаны Қытай инвесторлары теріскей жерінде жүзеге асырмақ. 5 жыл ішінде тұрғызылатын зауыттар 20 мыңдай тұрғынды жұмыс орнымен қамтиды деп жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысының қай салада болмасын әлеуеті зор. Бұған қоса, аймақтағы инвестициялық климат та өте қолайлы. Сондықтан, бірнеше қытайлық компаниялар қаржыларын біздің өңірге құйып, зауыттар тұрғызуда. Алдағы уақытта да ақ қайыңдар өлкесінде ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Аспан асты елінің қалталы азаматтары теріскейде «Қаржы мен өнеркәсіп кәсіпорындарының бірлескен паркін» салмақ ниетте. Оның аумағы 67 шаршы шақырымды құрайды деп жоспарланған. Бұл аймақта 7 бірдей саланы қамтитын өндіріс ошақтары орналаспақ.

Ли Рэн Сю – “Азияны дамыту іскерлік компаниясы” ЖШҚ бас директоры, ҚХР:

– Азияны дамыту іскерлік компаниясы ауқымды жобаға жетекшілік ету үшін арнайы құрылған болатын. Біз Солтүстік Қазақстан облысының мүмкіндіктерін жақсы білеміз. Сондықтан, дәл осындай инновациялық паркті сіздердің аймақтарыңызда салуды шештік. Бұл қос тарап үшін де өте тиімді әріптестік болады деген ойдамын. Аталған мақсатқа 10 млрд АҚШ доллары жұмсалмақ.

Машинажасау, фармацевтика, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу мен аэроғарыш және электроэнергетика. Бұл – «Қаржы мен өнеркәсіп кәсіпорындарының бірлескен паркінің» негізгі салалары. 5 жылдан соң іске асырылатын жоба аясында аталған бағыттар елімізде қарқынды дамып, бой көтерін зауыттар 20 мыңдай тұрғынды жұмыс орнымен қамтымақ. Ауқымды шаруа төңірегінде қос тарап бір жыл көлемінде келіссөздер жүргізіпті. Әріптестіктің алғашқы қадамы өткен жылдың тамыз айында жасалған. Қытайдың Хубэй провинциясына іссапармен барған өңір басшысы Құмар Ақсақалов аспан асты елінің өкілдерімен меморандумға отырған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Біз бір жыл бойы жобаның әлеуетін бағамдап, сараптама жасадық. Бұл ретте шығарылатын тауарлардың қаншалықты жоғары сұранысқа ие болатындығы зерттелді. Өз басым Хубэй провинциясына барған сапарымда,ондағы ауқымды зауыттардың жұмысымен таныстым. Өздеріңіз білетіндей, Қытайда машинажасау саласы өркендеуде. Олар су жаңа көлікті 2 сағаттың ішінде құрастырады. Барлығы автоматтандырылған. Мұндай жүйе әлі Қазақстанда жоқ.

Жиын барысында Қытай Халық Республикасының өкілдері өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловты сәуір айында өтетін 2-ші «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына шақырды. Шара аясында қос тарап паркті қаржыландыруға байланысты бас келісімге отырады.

 Эльмира Садвокасова