Қоғам

Петропавлға Ұлттық ұлан оркестрі гастрольдік сапармен келді

Әуезді ән мен мәнерлі би! Кеше кешкілік Қызылжарда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан үлгілі көрсетімдік оркестрі концерт берді. Жастар жылына арналған шарада өнерпаздар түрлі жанрдағы туындыларды орындап, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Концерт шымылдығы Бауыржан Мақаевтың орындауындағы күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтің “Самғау” күйімен ашылды. Бұдан бөлек, мың бұралған бишілер жерлестерімізге оркестрдің сүйемелдеуімен әсем биден де шашу шашып, керемет кештің көркін қыздыра түсті.

Жалпы, бүгінгі концертке Астана қаласынан гастрольдік сапармен оркестр құрамында 60-қа жуық өнерпаз келген екен.

Олжас Құдайқұлов – ҚР Ұлттық ұланы үлгілі-көрсетімдік оркестрінің нұсқаушысы, Астана қаласы:

– Астана қаласының үлгілі-көрсетімдік оркестрі Қызылжар қаласына өзінің концерттік бағдарламаларын алып келді. Бұл шара Жастар жылына орай арнайы ұйымдастырылып отыр. Оркестрдің құрамында еңбегі сіңген әртістер мен қайраткерлер бар. Бағдарламада өте көп шығармалар жастарға арналған және де патриоттық сезімді оятатын ұлттық ұлан әндері де бар.

“Ақ бантик”, “Кешікпей келем деп ең”, “Арыс жағасында”. Сахана төрінде Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен поппури де орындалды.

Төрехан Жаудинов – ҚР ҰҰ үлгілі-көрсетімдік оркестрінің бастығы, Астана қаласы:

– Біздің ұжым жыл сайын осындай гастрольдік сапарларға шығып тұрады. Біздің репертуарымыздағы көптеген әндер патриоттық тақырыптарға арналып жазылған.

Шаһар тұрғындарын осы кеште көңілдері бір марқайып, рухани азық алып қайтты.

– Маған бүгінгі концерт өте ұнады. Кеш жақсы өтті. Көңілім бір көтеріліп қалды.

– Бүгінгі кеш жоғары деңгейде өтті деп айта аламы. Бала кезіміздегі әндерді тыңдап, бір жасап қалдық.

Байболат Бектемірұлы